Қоғам

Еріктілер жалғызбасты аналарды Жаңа жылмен құттықтады

Петропавлдағы Аналар үйіндегі нәзікжандылар мен олардың сәбилерін еріктілер Жаңа жылмен құттықтап барды. Құр қол бармай, сыйлықты үйіп-төгіп әкелді. Тәтті-дәмді, киім-кешек, жөргек пен ойыншық дегеннің түр-түрі бар. Аналар үйіндегілер келген қонақтарды жылы қарсы алып, алғыстарын білдірді. Қазіргі таңда орталықта қиын жағдайға тап болған 5 әйел мен 7 бала тұрып жатыр.

ЕЛЕНА, жалғызбасты ана:

– Мен орталыққа 3 ай бұрын келдім. Қазір қызым 1 жарым жаста. Келген сәтте мені барлығы құшақ жая қарсы алды. Үйдегі барлық тірлікті өзіміз істейміз. Бір-бірімізден ештеңе аямаймыз. Мен өзім жалғызбасты ана ретінде үй кезегінде тұрмын. Қызым 3 жасқа толған соң, жұмысқа орналасып, оны балабақшаға беремін. Қолы ашық адамдар мен еріктілер осылай келіп көмектесіп тұрады. Оларға деген ризашылығымыз зор.

Еріктілердің тарту-таралғысы балалардың да көңілінен шықты. Сәбилер ойыншықтарды қызықтап қарап жатыр.
Негізі, волонтерлер Аналар үйіне тек Жаңа жыл уақытында ғана емес, жиі келіп тұрады. Келген сайын көмек қолдарын созады.

НАРИМАН ТОҚСАНБАЕВ, “Көмек жақын” еріктілер қозғалысының мүшесі:

– Біз әрдайым бұл жандарға көмектесіп отырамыз. Соңғы рет осыдан 2 апта бұрын ғана келген едік. Аналар үйіне көбіне ойыншық, тәттілер әкелеміз. Одан бөлек киім-кешектер де әкеліп отырамыз.

Бұл баспанаға қиын жағдайға тап болып, жақынынан қолдау таппаған нәзікжандылар келе алады. Ұл-қыздары 3-ке толғаннан кейін бөлек шығады. Осы аралықта келіншектің аяғына тұрып кетуі үшін барынша қолдау көрсетіледі.

 

Мәдина Қаби