Құқық қорғау органдары

Екі адамның өліміне әкеп соқтырған жайтты облыс прокуратурасы қосымша тексеретін болды

Қызылжар ауданына қарасты Надежка ауылында бүтін бір отбасы тамақтан уланып, екі баланың өмірден өткеніне де жарты жыл болды. Басын тауға да, тасқа да соққан ана Галина Коваленко жергілікті дүкеннен сатып алынған азық-түліктің мерзімі өткен деп санайды. Алайда, құзырлы орган тарапынан әлі күнге дейін бірқатар сұраққа жауап алмаған. Сондықтан, ол Бас прокурорға жүгініпті.

ГАЛИНА КОВАЛЕНКО, Надежка ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Ешкім жауапқа тартылған жоқ. Бір қылмыстық іс дәлел болмағандықтан жабылды. Кейін медбикеге қатысты іс қозғалды, қазір ол тексеріліп жатыр. Бұған біздің көңіліміз толмайды. Осы себепті Бас прокурордан көмек сұрадық. Бірінші кезекте, тауар сатып алынған ауылдық дүкеннің иесі тергелуі қажет. Неге саудагерден жауап алынбады? Мені осы сауал мазалайды. Бұл жерде шикілік бар деп санаймын. Балаларымды ешкімнің қайтармайтыны қатты қынжылтады.

Коваленколар отбасын облыс прокурорының орынбасары қабылдап, қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнама талаптарын түсіндірді. Сонымен қатар, қадағалау органы қайғылы жайт бойынша қосымша тергеу әрекеттерін тағайындау туралы шешім қабылдады.

КЕНЕСАРЫ МҰХАМЕДЖАНОВ, Петропавл қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры:

– Облыстық полиция департаментімен ҚР ҚК 304-бабының 3-бөлігі бойынша абайсызда екі адамның өлiмiне әкеп соқтырған санитарлық ережелерді бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы қабылданған шешім облыс прокуратурасымен қосымша тергеу әрекеттері үшін бұзылды.

 

Байболат Құлтанов