Қазіргі таңда облысымызда медицина саласы қарыштап алға басуда. Себебі, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау ұшан-теңіз. Соның бірі ауруханалар мен емханалардың заманауи қондырғылармен жарақтануы және күрделі жөндеу жұмыстарының өтуі. Салада осы сияқты алға басулар жетерлік. Маңызды ақпарлармен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Баязитов бөлісті.
ЕРКЕБҰЛАН БАЯЗИТОВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
– Биылғы жылы облыс әкімі атынан дәрігерлерге 50 грант бөлінді. Соның арқасында 34 адам еліміздің түкпір-түкпірінде білім алып жатыр. Тиісінше, олар оқуды аяқтаған соң өңірімізге келіп жұмыс істеулері тиіс. Ал кардиолог, акушер сынды маман иелеріне биыл 8,5 млн теңге көтермеақы берілді.
Жасыратыны жоқ, ел бойынша медицина саласында кадр тапшылығы жетерлік. Бұл кері факт өңірімізде де бар. Бірақ, мәселе оң шешемін табуда. Биылғы жылы облыстық медициналық мекемелерге 131 дәрігер жұмысқа тұрған. Олардың әрқайсысына 1 млн-нан 5 млн теңгеге дейін көтермеақы берілген.
ЕРКЕБҰЛАН БАЯЗИТОВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
– Жыл басынан 52 жас маманға 181 млн теңге көтермеақы берілді. Ағымдағы жылы өңірге 21 резидент дәрігер келді. Олардың әрқайсысының жағдайын жасап, тіпті, тұратын тегін баспана бердік. Облысымыздағы кадр тапшылығының саны 143-ті құрайды. Бірақ, айта кетейін, бұл статистика былтыр 300-ге жуықтаған болатын.
Әңгімелесу барысында өңіріміздің бас дәрігерінің орынбасары облысымызда “Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы қалай жүзеге асырылып жатқанын айтты. Бірегей бағдарлама аясында қыруар жұмыс тындырылды. Ағымдағы жылы Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөл ауылында 250 адамға шақталған емхана ашылған болатын. Ал ауылдық 15 медициналық мекемедегі күрделі жөндеу жұмыстарына бір жарым млрд теңге бөлінген.
ЕРКЕБҰЛАН БАЯЗИТОВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
– Бірегей жоба аясында облыс ауылдарында 46 медициналық нысан салыну қажет болатын. 2024 жылға дейін оның 38-і қолданысқа берілді. Биылғы жылы аудандық медициналық мекемелерге 73 дәрігер жұмысқа тұрды. Оның жартысынан көбі – жастар.
Айта кету керек, қазіргі таңда облыс тұрғындарына 1400-ден астам дәрігер мен 5 мыңға жуық медицина қызметкері қызмет көрсетеді.