Бұл жайсыз жайт жақында ғана Шымкентте орын алды. Шырайлы қалада шыршаны жағу кезінде оқыс оқиға орын алып, мереке нышаны отқа оранды. Абырой болғанда тілсіз жау лезде сөндірілді. Оңтүстіктегі жағдай барша жұртқа сабақ болуы тиіс. Жылан жылын көтеріңкі көңіл-күйде қарсы алу үшін сақтық шараларын ұмытпау қажет. Сонымен қатар, пиротехникалық заттарға жауапты қараған жөн. Олардың талапқа сәйкес болғаны керек. Бүгінде тәртіп сақшылары рейд жүргізуде. Мамандар тиісті құжаттары жоқ өнімдерді тәркілейді, сатқандарға айыппұл салады.
ҚҰРМАН МУСИН, СҚО ПД ӘПБ ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
– Рейд басталғаннан бері 31 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 1 млн 384 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, заңсыз айналымнан 1200 астам пиротехникалық бұйым алынды. Пиротехника – мерекелік шаралардың көркі және ықтимал қауіп-қатердің себепшісі. Осыны ұғыну қажет. Петардалар, отшашулар мен бенгал шырағынан өрт бас көтеруі немесе адамға ауыр жарақат салуы мүмкін.
Өрт демекші, өңірдегі статистика көңіл көншітпейді. Артта қалғалы тұрған жыл ішінде жүздеген факт тіркелді. Ең өкініштісі, ондаған адам ажал құшты. Брифингке қатысқан Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Аслан Ахметов сандарды жіпке тізді.
АСЛАН АХМЕТЖАНОВ, СҚО ТЖД басқармасының бастығы:
– СҚО-да 439 өрт тіркелді. Салдарынан 32 адам қаза тапты. Оның ішінде 3 бала бар.
Жаңа жыл мерекесінде қауіпсіздікке ерекше мән берілуі тиіс. Баяндамасын Аслан Ахметов осылай аяқтады. Осы орайда құлаққағыс, полиция тұрғындарды пиротехникалық заттардың заңсыз сатылуын көрген жағдайда бірден өздеріне хабарласуға шақырады.
Байболат Құлтанов