Балалар

“Нашақорлықсыз болашақ” қойылымы

“Нашақорлықсыз болашақ”. Осындай тақырыпта облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жастары мен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері бірігіп жергілікті университет қабырғасында жастарға арнап спектакль қойды.

Қойылым нашақорлық жайында. Мұндағы басты кейіпкерлер кейін өздерінің теріс жолға түскендерін түсініп, бұрынғы өмірлеріне қайта оралады.

ДАРИҒА СМАИЛОВА, «Ассамблея Жастары» РҚБ СҚОФ төрайымы:

– Бүгінгі біздің қойылымымыз жастарға ұнайды деп ойлаймыз. Егер көрермен көзайымына айналып жатса, қала бойынша толықтай көрсететін боламыз. Қойылымға бір айдай дайындалдық.

Көрермендер қойылымды кірпік қақпай тамашалады. Жалпы, іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, нашақорлыққа деген теріс көзқарас қалыптастыру.

РУФИЯ МУСТАФИНА, СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының белсендісі:

– Біз жастармен тек кездесу өткізіп қана қоймай, осындай ерекше шара өткізейік деп шештік. Балғындар өз болашақтарының өздерінің қолында екенін ұғынулары қажет. Бір рет теріс жолға түссең, ол жолдан шығу оңай еместігі рас. Қаншама жалындап тұрған жастарымыз бір ұнтақтың, дәрінің құлына айналып жүр. Болашақ – жастардың қолында, біз оларға осыны құлақтарына құюымыз қажет.

Қойылым жалпы жарты сағатқа созылды. Ал сахнаға 10 жас актер шықты.