Өмір сыйла – донор бол! Кешегі Ақтауда болған қайғылы оқиға барлық қазақстандықтың қабырғасын қайыстырды. Ел тұрғындары зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында жаппай қан тапсыруда. Оның ішінде петропавлдықтар да бар. Қала тұрғындары таң атпай облыстық қан орталығына ағылуда. Игі істен өңірлік Ассамблея жастары да қалыс қалмады.
ДАРИҒА СМАИЛОВА, облыстық ҚХА жастар қанатының төрайымы:
– Қан орталығына ұжым болып келдік. Мекемеге жиі келіп, қан тапсырамыз. Қала тұрғындарын игі істен қалыс қалмауға шақырамын. Ұшақ апатында жақындарынан айырылған адамдардың қайғысына ортақтаса отырып, көңіл айтамыз. Ал аман қалған азамат-азаматшалардың тезірек сауығып кетуін тілейміз.
Әрине, тұрғындар зардап шеккендерге көмектескісі келеді. Дегенмен, әр адам алдымен дәрігерлердің қарауынан өтуі тиіс. Олардың бойы мен салмағы және қан қысымы тексеріліп, гемоглобин көрсеткіші бақыланады. Содан соң барып қана қан тапсыра алады.
ВАЛЕНТИН ДИГТЯР, облыстық қан орталығы директорының орынбасары:
– Донорлар бізге аудай қажет. Әр адам 350 мл қан тапсыра алады. Тұрақты донорлардан көптеу алынады. Айта кетейін, бұл адамның денсаулығына зиян келтірмейді. Керісінше, пайдасы бар. Негізінен, орталығымызға күніне 30-40 адам келеді. Бүгін бұл статистика еселеп артады дегенге сенімім мол.
Шыңғыс Ахмет – қала тұрғыны. Азамат 2021 жылдан бері тұрақты түрде қан тапсырады екен. Ол игі іске інілерін бірге ерте келіпті. “Мақсатым – зардап шеккен жандарға титтей де болсын көмегімді тигізу” -, дейді петропавлдық.
ШЫҢҒЫС АХМЕТ, қала тұрғыны:
– Бұл менің парызым деп білемін. Осы арқылы мұқтаж жандарға көмегім тиеді.
1 сағаттың ішінде орталыққа 30-ға жуық адам келіп, қан тапсырды. Айта кету керек, 1 рет қан тапсырған жан 3 адамның өмірін құтқарады.
Нұрасыл Ахмет