Облыс орталығында ерекше балаларға арналып қайырымдылық шыршасы ұйымдастырылды. Шара барысында облысымыздың 5 ауданынан келген жеткіншектер жаңажылдық мерекенің куәсі болып, сахналық қойылым тамашалады. Бір ерекшелігі, ұйымдастырушылар ұл-қыздарға “Волшебное зеркало” атты музыкалық ертегі ұсынды.
Ертегіні мұқият отырып қарасаң, тәрбиелік мән-маңызы зор. Автор туынды арқылы ешкімнің ала жібін аттамау қажеттігін және әрдайым тату-тәтті болу керектігін көрсеткісі келген. Сахнадағы әртістер залда отырған жеткіншектерге сұрақтар қойып, жауап бергендерін ортаға шығарып, кері байланыс жасап та жатты.
НЕЛЯ ШТАЙНБРЕНЕР, “Надежда. Вера. Милосердие” қорының директоры:
– Қойылымға 150-ден астам бала шақыртылды. Мен өзім де анамын. Кішкентай ұл-қыздар Жаңа жылды асыға күтетінін білемін. Сондықтан, осы сияқты шараларды жиі өткізгім келеді. Әр жеткіншектің мерекеде арманы орындалуы тиіс. Олардың жүздерінен күлкі кетпесін дегім келеді.
Шараның өтуіне “Жомарт жан” орталығының облыстық филиалы өз үлесін қосқан. Мейірімді жандар өздерімен бірге балаларға тәтті сыйлықтар ала келіпті.
ЮЛИЯ РОДИОНОВА, “Жомарт жан” орталығы СҚОФ мүшесі:
– Ертегі аяқталғаннан кейін балалармен бірге “Хоровод” биін билеп, әкелген сыйлықтарымызды табыстаймыз. Шараның мақсаты – балаларға қуаныш сыйлау.
Өткізілген шара балаларға ерекше ұнады. Олар туынды арқылы ертегі әлеміне түскендей болды.
Нұрасыл Ахмет