Бүгін “Qulager” хоккей клубының жастар командасы өз айдынында өзбекстандық “Tashkent Select” ұжымын қабылдады. Бұл матч жергілікті жігіттер үшін аса маңызды. Себебі, қазіргі таңда жерлестеріміз турнирлік кестеде 13 команданың ішінде 10-шы сатыда тұр. Теріскейліктер ала тақиялы ағайындардан жеңілген жағдайда 11-ші орынға сырғиды.
Алғашқы периодта қос команда бір-біріне дес берер емес. Ұжымдар бір-бірінің қақпаларына алғашқы минуттардан-ақ шайба бағыттап, қақпашыларды тексеріп көрді. Ойын тартысты өтуде. Бірақ, “Tashkent Select” командасы 8-ші минутта алға шықты. Қақпаға тоғытылған шайбадан кейін айдын иелері біраз есеңгіреп қалғаны көрініп тұрды. Қарсыластар уақыт өткен сайын қысымды күшейтті. Ол өз нәтижесін берді. Кезең аяқталуына бір минут қалғанда ташкенттіктер есепті еселеді.
Қос ұжым арасындағы кездесуді тамашалауға келген тұрғындардың саны аз. Олардың әрбіреуімен тілдесіп көрдік. Спортсүйер қауым теріскейлік жігіттердің есепті теңестіріп қана қоймай, жеңісті жұлып алатындарына сенетіндерін жеткізді.
– Жергілікті құрама жеңетініне сенемін. Қай сәтте болмасын өз командаңнан теріс айналуға болмайды.
– Тек жақсы ойын көру үшін ғана келдім. Ұнап жатыр. Қос ұжымға да сәттілік тілеймін.
Матч қонақтардың пайдасына шешілді. Есеп – 0 де 3. Жергілікті команда биылғы жылғы соңғы ойынын ертең дәл осы хоккей клубымен өткізеді.
Нұрасыл Ахмет