Петропавлда лудомания туралы “Тұзақ” сериалының көрсетілімі өтті. Құмар ойынға әуестік жайлы баяндалатын туындыны тамашалауға волонтерлер, студенттер, атқамінелер мен аға буын өкілдері шақырылды. Телехикаяның режиссері – Андрей Авдеев. 10 сериалдан тұратын туындыны астаналық мамандар бір жыл бойы дайындаған. Тіпті, ойынға құмралықтан емдейтін орталыққа да барып, қиын жағдайға тап болған жандармен тілдескен.
АНДРЕЙ АВДЕЕВ, “Тұзақ” сериалының режиссері:
– Біз барлығын шынайы өмірден алдық. Тіпті, осындай кеселге душар болған жандармен сырласып, бұндай жағдайға қалай тап болып, қалай арылғандығын сұрастырдық. Негізі, бұл мәселе Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем бойынша проблемаға айналып отыр.
Залға жиналған қауым “Тұзақты” кірпік қақпай тамашалады. 25 минуттық туынды адамға терең ой салады.
ЕРКЕБҰЛАН ӘЛІМЖАНОВ, “Тұзақ” сериалының сценарий авторы:
– Ойынқұмар адамның жүзінде, түрінде, сөйлеген сөзінде лудоман екені білінбейді. Адам нашақор болса, түрінен көрінеді, ұрлықпен айналысады деген сияқтылары бар. Ойынқұмар адам өзіміз сияқты костюм-шалбар киіп, әдемі болып жүреді.
Мамандар сериалды солтүстікқазақстандықтар үшін фильм ретінде ұсынды. Қалған бөлімдерін енді интернет желісінен және теледидардан тамашалай алады.
ЛЕЙЛА БЕРІКОВА, студент:
– Сериалдың жастарға берер тәрбиесі мол. Өзекті тақырыптардың бірі таңдалып алынған екен. Осындай тақырыптағы сериалдар қазір өте көп шығып жатыр. Интернетте де танымал.
Көрермендер телесериалды алдағы уақытта “Astana” арнасынан тамашалай алады.
Мәдина Қаби