Қоғам

Әлі күту қажет: ҚР Энергетика вице-министрі өңірге тартылатын газға қатысты пікір білдірді

Солтүстік Қазақстан облысына Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов жұмыс сапарымен келді. Ол Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхана қабырғасында халықпен кездесу өткізді. Баяндама оқылды, тұрғындардың сұрақтарына жауап берілді, ұсыныс та тыңдалды. Астанадан ат терлетіп жеткен шенеунік ведомствоның газ саласына жауап береді. Ал аққайыңдар өлкесіне көгілдір отын ауадай қажет екені айдан анық. Бұл мәселенің көтерілгеніне де біраз болды. Ел билігі әлі 2 нұсқаның бірін таңдай алар емес.

ӘЛІБЕК ЖАМАУОВ, ҚР Энергетика вице-министрі:

– Ресеймен газ тарту бойынша келісім жүріп жатыр. Егер келіссек, газ тартылады, бірінші СҚО-ға жетеді. Халықты түсінеміз. Газ тартуға дайынбыз. Алайда, қымбат газ кімге керек?

Яғни, басты мәселе бағада болып отыр. Сатушы тарап қалтаны қалыңдатқысы келсе, сатып алушы тарап қалтаның аса жұқармағанын қаламайды.

БАҚЫТЖАН ТАУБАЕВ, ҚР Энергетика министрлігі газ өнеркәсібі департаментінің басшысы:

– Баға бойынша келіссек, газдандыруды бастаймыз. Жұмыс 5-6 жылға созылады.

Екінші нұсқа – отандық газды солтүстікке жеткізу. Оның бағасы арзан болады. Алайда, ол да 5-6 жылда жетеді. Бұл жерде бірсыпыра қаржы жұмсалады, қосымша жұмыстар да атқарылады. Кездесуде теріскейлік диқандарды толғандырған мәселе де көтерілді. Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттары егіс және орақ науқаны кезінде жөндеуге жабылады. Салдарынан кейде жанармай табылмай қалады.

БАҚЫТЖАН ТАУБАЕВ, ҚР Энергетика министрлігі газ өнеркәсібі департаментінің басшысы:

– Неге жөндеу жұмыстары жазда және күзде жүргізіледі? Қыста жөндеу жүргізу мүмкін емес. Қазір министрлік бұл мәселені қарастырып жатыр. Тиімді тетік бар. Ол өз септігін тигізеді деп ойлаймын.

Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов азаматтарды жеке қабылдау өткізді.

 

Байболат Құлтанов