Жергілікті “АДОН-Север” қоғамдық бірлестігі мұндай қайырымдылық шараларын жиі өткізіп тұрады. Мамандар биыл да дәстүрден жаңылмай мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап жаңажылдық кеш ұйымдастырды.
Сәуле Ахметжанованың ұлы Қайырбектің бейімдеу орталығына келіп жүргеніне 4 жыл болған. “Осы уақыттың ішінде баламның жүріс-тұрысында оң өзгерістер байқалды”,- дейді нәзікжанды.
СӘУЛЕ АХМЕТЖАНОВА, қала тұрғыны:
– Мен осы орталықта істейтін мамандарға алғысымды білдіргім келеді. Балам оған оқуға барғалы әжептәуір өзгерді. Балалармен араласатын болды.
“АДОН-Север” мамандары кешке тыңғылықты дайындалған.
Ортада – жарқыраған жасыл шырша, әуелеген жаңажылдық ән, сыйлық толы қапшықтар. Бұның бәрі адамға ерекше көңіл күй сыйлайды. Кеш қонақтары шыршаны айнала ойнады, сыйлықтарын да алды.
ЕЛЕНА КОЛМОГОРОВА, “АДОН-Север” ҚБ төрайымы:
– Қонақтарымыз кештен ерекше эмоция алады деген ойдамыз. Бұл – бізде дәстүрге айналған шара. Бүгін тек мүгедектігі бар жандарды ғана емес, жалғызбасты қарт адамдарды да шақырдық. Осындай қайырымдылық шараларын ұйымдастыруға бізге 10 жыл қатарынан қоғам қайраткері Ерғали Жұмағұлов көмектесіп келеді. Оған деген айтар алғысымыз шексіз.
Жалпы, жаңажылдық шараға 50-ге жуық адам қатысты. Ал қоғамдық бірлестікке 80-нен астам адам мүшелік етеді. Кеш қонақтары ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
Мәдина Қаби