Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда Президенттік жаңажылдық шырша кеші өтті

Мерекелік безендірілген зал, көздің жауын алатын декорациялар, жаңажылдық музыка – мұның бәрі қуаныш пен сиқыр атмосферасын құрды. Көңілді кешті ұл-қыздар “Жаңа жыл” әнімен ашты.

Облыстың түкпір-түпірінен келген балғындар әр түрлі әсем киімдерін дайындап әкелген. Қарасаң көз тоймайды. Бірі мысық болып киінсе, келесісі жылан болған. Ал ақжарлық Аяулым Қаматай аққу болып келген екен. Сүйікті құсым болғандықтан, осы образды таңдадым дейді.

АЯУЛЫМ ҚАМАТАЙ, оқушы, Ақжар ауданы:

– Киімнің авторы – анам мен әкем. Бұл образыма көп материал кетті. Қаншама уақытымызды сарп еттік. Бірақ, барлығы ойдағыдай шықты. Аққу мен қазақи киімді араластырып, осындай образ шығардым.

Ортада мың бұралған жас бишілер мен күміс көмей ән­ші­лердің өнері жаңажылдық мерекенің әрін ашып қана қоймай, сәнін келтіріп, сүй­кімді балақайларды ерекше тамсан­дырды. Ұл-қыздар да олармен бірге ойнап, жаңажылдық көңіл-күйге бөленді.

Аида Оралбай Шал ақын ауданынан келген. Оның дайындаған киімінің атауы – “Алтын самұрық”. Ол бұны жетекшісімен 1 ай көлемінде дайындап, тіккен. “Алтын самұрыққа ұқсау оңай болған жоқ дейді”,- бұрымды қыз.

АИДА ОРАЛБАЙ, оқушы, Шал ақын ауданы:

– Үстімде қазір 400-ден астам неше түрлі тас бар. Ең көп уақыт алған қанаты мен бас киім болды.

Балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады. Өңір жетекшісі жеткіншектерге оқуда озат, өнерде өрелі, спортта алда болуды тіледі.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қуаныш пен ғажайыптарға толы мерекемен барлығын құттықтаймын!

Жалпы, Президенттік жаңажылдық кешке 200-ге жуық бала қатысты.

 

Мәдина Қаби