Қоғам

Өңірге ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев келді

Өңірге ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев келді. Ол ең алдымен С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада облыс тұрғындарымен кездесу өткізді. Ержан Мәлікұлы өз сөзінде Солтүстік Қазақстан облысының Қазақстандағы туризмді дамытудағы әлеуеті өте жоғары екенін атап өтті. Содан соң жиынға келген жандарға кейінгі екі жылда ел бойынша туристік ағынның айтарлықтай өскенін атап өтті.

ЕРЖАН ЕРКІНБАЕВ, ҚР туризм және спорт вице-министрі:

– Биыл елімізге туристік сапармен 11,5 млн адам келген. Бұл статистика былтырға қарағанда 2 есеге көп. Ағымдағы жылы елімізде 306 жаңа қонақ үй пайда болды. Қазақстан әлемде туризм бойынша 119 мемлекеттің ішінде 52-ші орында тұр. Біз екі жыл бұрын ғана 66-шы орында болғанбыз. Мақсатымыз – 50 елдің қатарына кіру.

Ержан Еркінбаев Петропавлға келмес бұрын өңірімізде туризм қалай дамып жатқаны жайында жіті қарап шыққан. Кездесу барысында ол саладағы инвестициялық әлеуетті дамытуға ерекше назар аударылып жатқанын атап өтті. СҚО бұл бағыт бойынша алдыңғы қатарда. Сандарды сөйлетсек, өңірде биыл 525 млн теңгенің 5 жобасы жүзеге асырылған. Осының арқасында ел қазынасына 1,8 млрд теңге кіріс кірген.

ЕРЖАН ЕРКІНБАЕВ, ҚР туризм және спорт вице-министрі:

– 2024 жылы СҚО-ға 115 мың турист келген. Бұл – тамаша көрсеткіш. Сіздердегі Имантау-Шалқар курорттық базасын білмейтін жан жоқ шығар. Қарап отырсам, аймақта 36 демалыс базасы бар екен. Жергілікті билік өкілдеріне Айыртау ауданындағы тынығу орындарының санын арттыруды тапсырамын. Жалпы, теріскей – аталған сала бойынша елімізде 5-ші орында тұр. Биыл өңірде су тасқыны болмағанда үздік үштікке кірер едіңіздер.

Содан соң өңір тұрғындары вице-министрге кезек-кезекпен өз сұрақтарын қойды.

СӘБИНА ӘМІРОВА, Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының бөлім меңгерушісі:

– Біз Айыртау ауданына мүмкіндігі шектеулі балаларды демалуға апарамыз. Өздеріңіз білетіндей, жол ұзақ, көп аялдаймыз. Бірақ, жол бойында мүгедек ұл-қыздарға арналған бірде-бір дәретхана жоқ. Осы мәселе жайында айтып берсеңіз.

Ержан Еркінбаевға 10-ға жуық тұрғын сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Айта кету керек, вице-министр бүгін облысымыздағы туристік және спорттық нысандарды араламақ.

 

Нұрасыл Ахмет