Биыл өңіріміздің спорт саласында атан түйеге жүк боларлықтай жұмыс атқарылды. Жеке-жеке тоқталсақ, облыста 3 бірдей заманауи кешеннің таспасы қиылды. Петропавлдың төрінде үстел теннисі орталы қолданысқа берілді, шаһардың Береке ықшам ауданында және Жамбыл ауданында дене шынықтыру-сауықтыру нысандары ашылды. Бұл бағыттағы іс мәресіне жеткен жоқ. Алдағы уақытта аймақта тағы шашу шашылар шаралар өтпек.
НИНА УСЕНКО, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы:
– Уәлиханов ауданының Кішкенекөл ауылында жүзу бассейнінің құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар, облыста 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 2 жабық хоккей корты тұрғызылып жатыр. Өңірде спортпен шұғылданушылардың санын ұлғайту үшін жыл сайын «Ақ бидай», «Север» және «Жастар» сынды 1200-ден астам спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылады. Олар 240 мыңға жуық адамды қамтиды.
Солтүстікте еліміздің әнұранын шырқатып жүрген спортшылар аз емес. Жақында боксшымыз Наталья Богданова Азия чемпионы атанып, тарихи жетістікке жетті. Нұрқожа Қайпанов, Ислам Евлоев, Анна Стратан және Мейіржан Берекетов сынды палуандарымыз да жұлдыздай жарқырады.
НИНА УСЕНКО, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы:
– Биыл елімізде Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Жаһандық жарыста бесасықшы Сәния Әскер чемпион атанды. Алина мен Кристина Шумековаларды күллі ел біледі. Олар Жапонияда өткен әлем чемпионатында күміс және қола медальға қол жеткізді. Жетістіктер өте көп. Ағымдағы жылы Парижде жазғы Олимпиада ойындары өтті. Онда еліміздің намысын велоспортшы Алексей Луценко мен брейк данс шебері Амир Закиров қорғады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, биыл солтүстікқазақстандық спортшылар түрлі деңгейдегі жарыстарда 1354 медаль еншіледі. Оның 342-сі – алтын, 429-ы күміс болса, 583-і – қола жүлде.
Байболат Құлтанов