Балалар

Бақытты балалық шақ – жарқын болашақ кепілі

Бескөл ауылында Қызылжар ауданының әр елді мекенінен жиналған балаларға арналып қайырымдылық шырша кеші ұйымдастырылды. Шара барысында 100 жеткіншек жаңажылдық мерекенің куәсі болып, сахналық қойылым тамашалады. Ертегі әлемінің түрлі кейіпкерлері болып киінген әртістер балалармен бірге ойын ойнап, көңілдерін көтерді. Қиял-ғажайыпқа толы мерекеде жеткіншектер Аяз атаны асыға күтетіні айтпаса да түсінікті. Шаттыққа толы шарада мейрамның басты кейіпкері де бой көрсетті. Ұл-қыздардың жүздерінен мерекелік кештің көңілдерінен шыққанын байқауға болады. Ұйымдастырушылар жеткіншектердің көңілдерін көтеріп қана қоймай, оларға тәтті сыйлықтар табыстады.

ЗАРИНА ТАЕВА, СҚО бойынша іскер әйелдер қауымдастығы басшысының орынбасары:

– Бақытты балалық шақ – жарқын болашақ кепілі”. Бәріміз білеміз, Жаңа жылды балалар асыға күтеді. Сондықтан, ұл-қыздарға мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін осы шараны ұйымдастырдық. Мұндай іс-шараларды жылда өткіземіз. Бүгінгі концертке келген әр бала сыйлықсыз қалмайды. Олар Аяз атаға өздері жаттаған тақпақ, өлеңдерін айтып, түрлі тәттілер алады.

 

Нұрасыл Ахмет