Балалар

Ауыл балаларына арналған жаңажылдық тарту

Жаңа жылдан әр бала ғажайып күтеді. Теріскейлік ұл-қыздар үшін де биылғы мереке қуанышты сәттерге толы. Петропавлда облысымыздың барлық аудандарынан келген жеткіншектерге арнайы жаңажылдық кеш ұйымдастырылды.

ЗӘМЗӘГҮЛ ТҰРЛЫБАЕВА, облыстық білім басқармасының бас маманы:

– Негізінен, бұл ұл-қыздар Президент шыршасына қатысуға келген. Біз оларға бүгін облыс орталығын аралаттық. Араларында Петропавлға бірде-бір рет келмегендері бар екен.

Өнер көрсеткен ұл-қыздарға қарасаң көз сүйсінеді. Жеткіншектердің шараға жақсы дайындалғаны көрініп тұр. Олар қонаққа келген қатарластарына керемет көңіл күй сыйлады. Доминика Дерябина Петропавлға М.Жұмабаев ауданынан келген. Балғын бүгінгі шараны ешқашан ұмытпайтынын, Жаңа жылды асыға күтіп жүргенін жеткізді. Бір қызығы, Доминиканың қазақшасы судай. Қазақ балаларының өзі орысша сайрап жүрген заманда бұл балақай – көпке үлгі.

ДОМИНИКА ДЕРЯБИНА, Еңбекші қазақ орталау мектебінің 4-ші сынып оқушысы, М.Жұмабаев ауданы:

– Концерт маған ұнап жатыр. Бүгін қаланы араладық. Қуыршақ театрында болдық.

Концертте балаларға арналып 10 нөмір дайындалған. Жеткіншектердің көңілін көтеру мақсатында түрлі ойындар ойнатылды. Айта кету керек, шараға барлығы – 200-ден астам ұл-қыз қатысты.

 

Нұрасыл Ахмет