Қалым Сұрпкеловтан маза қашқалы 2-3 айдың жүзі болған. Оның асқазан тұсы ашып, шыбындай жаны шүберекке түйіледі екен. Іс насырға шаппас үшін ол онколог-хирургқа жүгінуді жөн көріпті. Маман жүгінушінің жалпы жағдайымен танысқасын тиісті тексеріске жіберді. Соған қарап диагноз қойылмақ.
ҚАЛЫМ СҰРПКЕЛОВ:
– Орталыққа “Ашық есік күні” өтетінін естіп, келіп отырмын. Жұмыс күндері дәрігермен кездесуге мүмкіндік жоқ. Ал бүгінгі шара тамаша мүмкіндік дегім келеді. Асқазаным ашып тұрады. Бұрын ауырмайтын еді, соңғы уақытта мазалап жүр. Жас ұлғайған сайын ауру мазалайды екен. Қазір УЗИ-ден өтемін.
Облыстық онкологиялық орталықта асқазан мен бауыр ісігінің алдын алуға арналған “Ашық есік күні” шарасын онколог-хирург Вячеслав Белов өткізді. Білікті дәрігерді жартас астында жасырынған жаудай шап беретін дертке шалдыққан науқастардың көбейіп бара жатқаны алаңдатады.
ВЯЧЕСЛАВ БЕЛОВ, СҚО онкологиялық орталығының онколог-хирургі:
– Асқазан ісігін 1-2 сатысында анықтау өте қиын. Ешқандай белгі бермейді. Сосын күшейгесін жабысқан кенедей әлекке салады. Обыр – қауіпті әрі өте қу ауру. Бір байқағаным, асқазан ісігін адамдар онкологиялық емес, өзге бағытта емделіп немесе тексеріліп жүргенде анықтайды. Сондықтан, қазір әр кісі тырнақ сынса да ойлану керек. Біздің салада дертті асқындырмаған маңызды.
Дәрігер бас шайқайтын тағы бір жайт – жастардың асқазан мен бауыр ісігіне шалдығуы. Оның тәжірибесінде орда бұзар жастың маңындағы науқастар да болыпты.
ВЯЧЕСЛАВ БЕЛОВ, СҚО онкологиялық орталығының онколог-хирургі:
– Әртүрлі жастағы науқастар келеді. 92-жылғы емделуші бар, 86-жылғы науқасқа да ем-дом жүргіземіз. Ісік күннен-күнге “жасарып” бара жатыр. Бұл – алаңдатарлық құбылыс. Өз басым әр адам тұрақты түрде тексеріліп тұрғанын қалаймын. Қайталап айтайын, асқазан ісігі бүгінде өзге ауруға күдікті адамдар арасынан анықталып жатыр.
Асқазан мен бауыр ісігі жұлып тастаса басылатын тістің ауырғаны емес. Бұл – адамды өмірмен қоштасуға әкелетін ауру. Мысалы, биыл өңірде асқазан ісігінен 34 тұрғын ажал құшыпты. Ал бауырдағы жара 8 солтүстікқазақстандықтың жақынын сан соқтырған. Қоса кетейік, сенбі күні облыстық онкологиялық орталықта өткен арнайы қабылдауға 67 адам келді.
Байболат Құлтанов