Қоғам

Қала әкімі петропавлдықтардың базынасын тыңдады

Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев тұрғындардың базынасын тыңдады. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхана қабырғасында өткен жиынға бірсыпыра адам жиналды. Алғаш сөз алған қатысушының бірі – Василий Ротарь. Оны шаһардағы қоқыс шығару мәселесі алаңдатады.

ВАСИЛИЙ РОТАРЬ, қала тұрғыны:

– Жуков көшесі бойында орналасқан 23-ші үйге қатысты мәселені айтқым келіп тұр. Үйдің алдында 6 қоқыс жәшігі тұр. Оның 3-еуі жарамсыз күйде, аударылып жатыр. Тиісті ұйым бар. Алайда, мәселе бірнеше айдан бері шешілер емес.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Биыл қоқысты шығару және өңдеу бойынша тұжырымдама әзірлей бастадық. Жаңа полигонның жобасын дайындап жатырмыз. Оның маңында “Радуга” компаниясы қалдықтарды өңдейтін нысан салмақшы. Осы сәтті пайдаланып, айта кетейін, тұжырымдамада қоқысты шығаруға ерекше мән беріледі. Алда маңызды өзгеріс орын алады. Ол қазіргі жағдайға оң ықпалын тигізеді.

Ал Оксана Лябухина – шақшадай басын тауға да, тасқа да соғып жүрген азаматша. Оның анасы тұратын үй көктемде суға кетті. Содан бері отбасы туған-туыстарын паналауға мәжбүр.

ОКСАНА ЛЯБУХИНА, қала тұрғыны:

– Карьерная көшесіндегі 77-ші үйде тұрдық. Ол апатты деп танылып, бұзылды. Алайда, әлі баспана алмадық. Бастапқы кезеңде құжаттарымыз дұрыс болмады. Кемшілікті түзедік, мұны сот растады. Үйімізді қашан аламыз?

Серік Мұхамедиев орынбасарына жүгінді, құжаттар толық реттелгенше, отбасыны уақытша үйге көшіруді тапсырды. Баспана – Айгерім Қазыбекованың да бас қайғысы. Көпбалалы ана жолдасы және 4 қызымен қайда барарын білмей жүр.

АЙГЕРІМ ҚАЗЫБЕКОВА, қала тұрғыны:

– Өзім көпбалалы ана ретінде пәтер кезегінде тұрмын. Мемлекеттік үйге кіргізіміз келеді. Әлеуметтік осал санаттағы жандарға берілген үйде еден жуамын. Сонда бос пәтерлер бар. Қазір отбасыммен қайда барарымды білмей отырмын.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Сатып алатын немесе салатын үйдің 20 пайызын көпбалалы аналарға, жетім балаларға береміз. Одан бөлек, мүгедектер бар. Олар 2009 жылдан бастап кезекте тұр. Алдымен баспана соларға беріледі. Қазір кездесуден соң жеке тілдесейік, мәселені қарастырайық. Осы жерде “Отбасы банкінің” өкілдері отыр. Мамандардың ұсынысы бар деп ойлаймын.

Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевтің тұрғындармен кездесуі шамамен 2 сағатқа созылды. Түрлі мәселе көтерілген жиында 20-ға тарта азамат микрофон алдына келді.

 

Байболат Құлтанов