Білім

А.С.Пушкиннің 225 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті

Назарбаев Зияткерлік мектебінде орыс халқының ақыны Александр Сергеевич Пушкиннің туғанына 225 жыл толуына орай ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға оқушылар, мұғалімдер мен зерттеушілер қатысты. Балалар А.Пушкиннің “Евгений Онегин” шығармасына негізделген әдеби қойылым ұсынып, ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. Одан кейін ғылыми-зерттеу жобаларын таныстырды. Еңбектер Пушкин шығармашылығының әдеби ерекшеліктерін тереңінен ашып берді. Жиын барысында филология ғылымдарының кандидаты Ольга Васильева ақын шығармашылығының қазіргі замандағы өзектілігі туралы өз көзқарасымен бөлісті. Кейін орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне арналып шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Ұстаздар бұл жерде тәжірибе алмасып, орыс тілі әдебиетін оқытудағы заманауи тәсілдерді талқылады.

ОЛЬГА ВАСИЛЬЕВА, филология ғылымдарының кандидаты:

– Балалардың талантына таңқалдым. Олардың ізденімпаздығы, ақын шығармашылығын зерттеуге деген құштарлығы мақтауға тұрарлық. Қазір түрлі технологиялардың дамыған заманында классикалық туындылардан алыстамау керек. Балаларды кітап оқуға баулу гаджеттердің зиянды әсерінен қорғайтынына сенімдімін. Көркем шығарма – бүкіл өмірге рухани азық.

ӘДІЛХАН МӘЛІКОВ, К.Салықов атындағы қазақ орта мектебінің 10-сынып оқушысы, Шал ақын ауданы:

– Осы постерде А.С. Пушкин мен Г.К.Бельгердің шығармаларын оқып, зерттеп, күннің не білдіретінін түсіндік. Екі автор да күн. Ол бақыт, күлкі, жарқын сәттер сыйлайтынын көрдік.

 

Данаш Хамза