Соңғы бес жылда көлік инфрақұрылымын дамытуға және жөндеуге 169,4 млрд теңге қаржы бөлінген. Ресми деректер бойынша, өңірдегі жолдардың 72%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Алайда, талдау көрсеткендей, бұл көрсеткіш шындыққа жанаспайды. Қаржыландырудың негізгі үлесі орташа жөндеу жүргізуге бағытталған. Жол құрылысы саласындағы өзекті мәселе – білікті мамандардың тапшылығы. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында, сондай-ақ, 13 аудан мен автомобиль жолдары бөлімдерінде барлығы – 142 қызметкер жұмыс істейді, олардың тек үшеуінің ғана бейінді білімі бар. Жергілікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Асхат Жақыпбеков негізгі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне тоқталды.
АСХАТ ЖАҚЫПБЕКОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– Жасалған шарттарды талдау барысында техникалық қадағалауды жүзеге асырмай аудандық және кентішілік жолдарға орташа жөндеу жүргізудің 80 фактісі анықталды. Техникалық қадағалау ағымдағы жөндеудің 188 жобасында да жоқ. Бұл ретте сметалық есепте 47 жоба 310,7 млн теңге сомасына техникалық қадағалауды жүзеге асыруға шығындар көзделген. Алайда, олармен келісімшарттар жасалмады. Осылайша, құрылыс жұмыстарын техникалық қадағалаусыз орындау құрылыс нормаларын бұзу қаупіне және жөндеу жұмыстарын орындау сапасының төмендігіне әкеледі.
“Первый Северный” телеарнасы