Әділхан Айтжан ашихара-каратемен 3 жылдан астам айналысады. Бүгінде көптеген жарыста жүлделі орындар алып, алдыңғы қатардан көрініп жүр. Жуырда ел чемпионатында 50 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған спортшы алтыннан және күмістен алқа тағынды. Сонымен екі бірдей медальді қанжығаға байлады.
ӘДІЛХАН АЙТЖАН, ашихара-каратеден ҚР чемпионы:
– Мен татамиге үш рет шықтым. Сонда астаналық, павлодарлық және ақтаулық каратешілермен күш сынастырдым. Қарсыластарым осал болмады. Жаттықтырушымның қолдауы мен өзімнің дайындығымның арқасында жеңіске жеттім. Бірінші орыннан бөлек спорт шеберілігіне үміткер атағын қорғап шықтым.
Чемпионатта 25 келі салмақ дәрежесінде күш сынастырған Егор Бестфатор да үздіктердің қатарынан көрінді. Небәрі 8 жастағы спортшы республикалық сайысқа бірінші рет қатысып, алтын алқаға ие болды.
ЕГОР БЕСТФАТОР, ашихара-каратеден ҚР чемпионы:
– Бұған дейін тек облыстық деңгейде ғана өнер көрсетіп жүрдім. Республикалық дода мен үшін бір серпіліс болды. Нәтижеме өзім де қуаныштымын, ата-анам да риза.
Елордада өткен чемпионатта өңір атынан 7 спортшы өнер көрсетті. Олардың 3-еуі чемпион атанса, 3-еуі күміс жүлдеге ие болды. Тағы қола алғандары да бар.
Қазір жас каратешілер Петропавлда өтетін Солтүстік кубогіне дайындалып жатыр.
АҚЖАН НӘКЕНОВ, ашихара-каратеден СҚО бас бапкері:
– Тәуелсіздік күніне арналған сайыста 11 облыстан жиналған нағыз мықтылар өнер көрсетті. Біз балалармен бұл сайысқа ұзақ дайындалдық. Іс-қимылдарымызды жаздан бері пысықтадық. Еңбек ақталды, барлығы бірдей жүлделі орын иеленді. Бұл – мақтаныш әрі зор жетістіктерге жетелейтін нәтиже.
Облыста ашихара-каратеге қызығушылық танытатын жастардың саны күн сайын артып келеді екен. Қазір жергілікті федерацияға 200-ден астам ұл-қыз мүшелік етеді.
Мәдина Қаби