Денсаулық сақтау

СҚО-да ұлттық жоба жүзеге асты

Жақында Аққайың ауданындағы Ивановка ауылында айтулы оқиға орын алады. Биыл 700-ден астам тұрғыны бар елдімекенде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында медициналық пункт салынды. Кадр жеткілікті. Халықты 3 маман қабылдайтын болады.

ҚАНАТ ДҮЙСЕМБАЕВ, Ивановка ауылдық округінің әкімі, Аққайың ауданы:

– Бұл медициналық пункт күніне 40 адамға дейін қабылдай алады. Ауылдық округіміз 1 елдімекеннен тұрады. Ивановкаға осындай заманауи емдеу мекемесі бұрыннан қажет еді. Арманымыз орындалды. Тамаша қондырғылар жеткізілді. Оларды медициналық қызметкерлер жоғары бағалап жатыр. Енді әкелетін 1-2 жабдық бар, сосын нысанның есігі айқара ашылады.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жайлы толығырақ айтайық. Бастама елімізде 2023 жылдан бастап іске асырылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қолға алынған жоба 3 міндетті көздейді:

655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын салу;
жұмыс істеп тұрған аудандық ауруханаларды жаңғырту және оларды жарақтандыру арқылы 32 заманауи ауданаралық көпбейінді орталық аурухананы ұйымдастыруды қамтитын ауыл халқына шұғыл медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін арттыру;
ауылдағы денсаулық сақтау нысандарын медициналық кадрлармен қамтамасыз ету.

Бұл жоба аясында өңірімізде 46 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын салу жоспарланды. Оның 8-і былтыр бой көтеріп, қолданысқа берілді. Олар Жамбыл, Қызылжар, Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов және Айыртау сынды аудандардың ауылдарында орналасқан.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Енді биылғы жұмысты қорытындылайық. Ағымдағы жылы өңірімізде 38 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны салынуы керек. Соның 27-сі желтоқсан айының алғашқы жұлдызына дейін ашылды. Қалғаны Жаңа жылға дейін толығымен қолданысқа беріледі. Яғни, аққайыңдар өлкесінде Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалады.

Сонымен қатар, ұлттық жоба аясында Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасы жаңғыртылып жатыр. Маңызды іс 2025 жылы жалғасын табады.

 

Байболат Құлтанов