Қоғам

Санитарлық дәрігер: жаңажылдық дастархан мен сыйлыққа немқұрайлы қарамау керек

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Сиқырлы Жаңа жылға саусақпен санарлық күн қалды. Қазір қаладағы дүкенге кіре қалсаңыз, сыйлық іздеген адамдарды көреміз. Олар ата-аналарына, балаларына базарлық алғысы келеді. Бұл ретте қауіпсіздікті естен шығармау керек.

Дүкенде сыйлықтың түр-түрі бар. Қалтадағы немесе картадағы ақшаңа қарай базарлықтың үлкенін де, кішісін де аласың. Соңғы уақытта “Дубай шоколады”, “Кәріс жүзімі” дегендер жаппай сатылуда. Бұған солтүстікқазақстандық санитарлық дәрігерлер үзілді-кесілді қарсы.

ТАТЬЯНА ГОРЛОВА, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– “Дубай шоколады” делінген өнімнің қаптамасы бар еді. Соны осы жерге әкелмегеніме өкініп отырмын. Алақандай ғана тауар 20 мың теңге тұрады. Сыртында өндіруші компанияның атауы, шығарылған күні, жарамдылық мерзімі сынды деректер мүлде жоқ. “Кәріс жүзімі” жайлы айтсақ, біз оны да бірден тексердік. Құрамынан қауіпті заттар табылмады. Дегенмен, ерекше дүние де анықталмады. Өзім “елден қалмау” деген түсінікке көз жұма қарайтын күн жетті деп ойлаймын.

Татьяна Горлованың айтпағы, желі арқылы танымал болған тауарларға көз жұму арқылы ақшаны үнемдеуге әрі уланып қалмауға болады. Қаңтар мен қараша аралығындағы статистикаға тоқталсақ, өңірімізде уланудың 434 фактісі тіркелген. Алкоголь, зиянды өсімдіктер, дәрілер, есірткілік заттар мен саңырауқұлақ. Жерлестеріміз осылардың кесірінен дәрігерлердің есігін қағыпты.

ТАТЬЯНА ГОРЛОВА, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Биыл саңырауқұлақтан 12 адам уланды. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында аталған өнімді алатындар бар. Оларды базардың, дүкеннің маңына бармауға шақырамын. Жабық үлгідегі сауда орындарын аралау қажет. 3 тұлға улы өсімдікті тұтынған. Олар өз-өздерін емдеп көріптігі. Бұған тыйым салынған.

Тамақты дұрыс дайындай білген де жөн. Қазанға немесе табаға салынғанды дұрыс қуырсақ, пісірсек, бойындағы қауіпті дүниелер жойылады. Сосын салатты ұзақ сақтауға болмайды.

ТАТЬЯНА ГОРЛОВА, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Артылып қалған тағамды енді дайындалғанмен араластырмау керек. Жабық күйдегі салатты 12 сағаттың ішінде жеу қажет. Ал құрамында майонезі бары 6 сағаттан кейін бүлінеді. Сосын пышаққа, өнімдер туралатын тақтайшаға назар аударған жөн. Олардың тазалығы маңызды рөл атқарады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен 5 қағида бар. Сонда сапалы суды тұтыну қажеттігі жайлы айтылады.

Сонымен қатар, балаларға тәттілер толы базарлық тарту етіледі. Санитарлық дәрігер егер мұндай сыйлық әзірлесеңіз, кәмпиттерді сатып алып, салу қажеттігін айтады. Себебі, дорбадағы өнім ұзақ тұрып қалуы мүмкін.

 

Байболат Құлтанов