Мәдениет

Қойылымдар сайысының қорытындысы

Балалар әдебиетінің бәйтерегі саналатын Бердібек Соқпақбаевтың дүниеге келгеніне биыл – 100 жыл. Осыған орай Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының мамандары оқушылар арасында “Менің атым Қожа” шығармасының желісі бойынша жыл басынан бері қойылымдар байқауын өткізген.

Яғни балалар кітапханашыларға онлайн түрде видеоматериалдар жіберген. Ал мамандар оларды әлеуметтік желіге салып, таратқан. Бүгін енді соның қорытындысы шығып, үздіктер марапатталды.

АДИНА ДУШАНБЕ, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:

– Мен қойылымда Жанардың рөлін сомдадым. Маған оның рөліне кіру қиынға соқпады. Себебі, Жанар екеуіміздің мінездерімізде ұқсастық бар. Қойылымды екі адам болып ойнадық.

Ең басты назар жасөспірімдердің камера алдында өз-өздерін ұстауларына және актерлік шеберліктеріне аударылды. Киген киімдері де есепке алынды.

НҰРЗАТ ӘЛЖАНОВА, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы:

– Сайысымыздың мақсаты – Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын балаларға оқыту, таныстыру. Байқауға 3 мектептен 6 сынып қатысты.

Қазір кітапхана қабырғасында Бердібек Соқпақбаевтың 10-ға жуық кітабы бар. Олар: “Менің атым қожа”, “Өлгендер қайтып келмейді”, “Қайдасың, Гауһар?!”, “Балалық шаққа саяхат”, “Аяжан” және “Жекпе-жек” туындылары.

 

Мәдина Қаби