“И.В.Коцык. Өмір беттері”. Осындай атаумен облыстық тарихи-өлкетану музейінде көрме қанат жайды. Мұнда жиналған қауымға белгілі композитор әрі этнографтың өмірбаяны жайлы айтылды. Бұл ретте “Атақты тұлғаның өңірімізге қандай қатысы бар?” деген сұрақ туындайды. Көкейдегі сауалға облыстық мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова жауап берді.
СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, СҚО мемлекеттік архивінің директоры:
– Композитор 1923 жылы Петропавлға келеді. Қазіргі М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінде сабақ берген. 1930 жылы қуғынға ұшыраған.
Иван Коцык 1891 жылы Польшада дүниеге келген. Композитор – қазақ хор өнерінің негізін қалаушылардың бірі. Тарихымызда өшпестей із қалдырған жан Қазақстанда ғана емес, барлық КСРО елдеріне танымал болған. Ол 1928 жылы теріскейлік студенттермен бірге Мәскеудегі Кремльде өткен ең беделді халықаралық байқауда топ жарған. Ауқымды шарада сахна саңлақтары халық әні “Бипылды” орындапты.
Оқырмандар композитордың шығармашылығына қатысты біраз тың дүниені көрмеден таба алады. Ұйымдастырушылар шараны өткізу үшін 3 жыл дайындалған. Алматы қаласындағы мемлекеттік архивінен көптеген дерек әкелініпті. М.Қозыбаев атындағы университетке қарасты “Музыкалық пәндер” кафедрасының доценті Галина Колесникова Иван Коцыкті 30 жылдан бері зерттеп келеді. Оқытушы бүгінгі басқосу барысында өзіне беймәлім мағлұматты құлағы шалған.
ГАЛИНА КОЛЕСНИКОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ “Музыкалық пәндер” кафедрасының доценті:
– Иван Коцык ауылда тұратын өзінің студенттерінен қазақтың халық әндерін сұрап алып, туындыларды өңдеген. Өзі қазақ болмаса да қазақтың кез келген әнін жатқа білген. Композитордың артынан өшпес мұра қалды. Ізбасарлары оны ешқашан ұмытпайды.
Көрме 2 ай бойы тұрады. Танысамын дегендер облыстық тарихи-өлкетану музейіне бару қажет.
Нұрасыл Ахмет