«Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болса да Солтүстік Қазақстан облысында экономикалық қылмыстар тыйылмай тұр. Жыл басынан бері аққайыңдар өлкесінде ондаған факт тіркелген. Оның басым бөлігі сотқа да жетіпті. Бұл жайлы тілшілерге өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында айтылды.
САМАТ ШӘРІШЕВ, СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті бастығының орынбасары:
– Биыл департамент өкілдері 40 қылмыстық іс қозғады. Нәтижесінде 2 млрд теңгеден астам шығын мемлекетке қайтарылды. Көлеңкелі экономикадағы ең күрделі және ең ауыр зардаптың бірі – кірісті жасыру. Бұл салықтың төмендеуіне әкеледі. Мұндай бұзушылық әлеуметтік бағдарламалар мен инфрақұрылымды қаржыландыруға кері әсерін тигізеді. Толығырақ айтсақ, биыл салықтан жалтарудың 3 фактісі анықталды, оның 2-еуі тексеріліп, аяқталды және шамамен 500 млн теңге өтелді.
Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысатындар әлі бар. Биыл тиісті құжаттары жоқ өнімдерді сатудың 4 фактісі анықталып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Ал айналымнан алынған тауардың көлемі бас шайқатады. Бақандай 136 мыңнан астам қорап темекі мен
1000 литрден астам алкоголь тәркіленіпті.
САМАТ ШӘРІШЕВ, СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті бастығының орынбасары:
– Қаржы пирамидаларын құру бойынша жыл сайын бірнеше қылмыстық іс тіркеледі. Ағымдағы жылы 3 фактіні зерделедік. Оның 2-еуі сотқа жіберілді. Мысалы, «Qnet» құрылымдық бөлімшелерінің заңсыз қызметіне 125 азамат тартылған, оларға 120 млн теңгеден астам шығын келген.
Биыл экономикалық тергеп-тексеру департаменті өкілдері өңірдің ауыл шаруашылығы саласында да қылмыстық іс қозғады. Ол субсидияға қатысты. Самат Шәрішев орын алған жайттың құпия екендігін айтып, журналистердің сұрағына қысқаша жауап берді.
Байболат Құлтанов