Білім

Мыңнан астам ақ халатты тәрбиелеген үздік оқытушы

Елена Веревкина – қазір ел аузындағы маман. Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінің оқытушысы жуырда республикалық байқауда үздік деген атаққа ие болды. Кезінде фельдшер болып тер төккен, қазір жас ақ халаттыларға акушерлік іс бойынша дәріс беріп жүрген нәзікжанды ұстаздықтың жүгі мен жауапкершілігіне тоқталды.

ЕЛЕНА ВЕРЕВКИНА, Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінің оқытушысы:

– Әр адам өз ісінің маманы болуы керек. Оқытушыға келер болсақ, ол алдында отырған студенттерді сыйлауы керек. Жастар соған қарап бой түзейді. Болашақ мамандардың бойына құр білім ғана құмай, тәлім-тәрбие беріп, оқуға деген ынта-жігерін оятуы қажет. Сонда нәтиже болады.

Елена Александровна сабақ барысында оқытудың замануи әдіс-тәсілдерін қолданады.
Әсіресе, симуляциялық технологияларға баса мән береді. Олардың көмегімен студенттер шынайы жағдайды үлгілеу арқылы әрі дұрыс шешу қабылдау бойынша білімдерін арттырады. Әсемгүл Бектұрғанова – Елена Александровнаның әріптесі. Екеуі 26 жыл бірге қызмет етіп келеді. Білікті маман жөнінде айтарым тек мақтау ғана дейді.

ӘСЕМГҮЛ БЕКТҰРҒАНОВА, Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінің оқытушысы:

– Ол кісінің тәрбиесінен шыққан студенттер тек облыс пен Қазақстанда ғана емес, көршілес Ресей мемлекетінде де жұмыс істеп жатыр.

Елена Веревкина 30 жылдан астам уақыттың ішінде мыңнан аса ақ халатты тәрбиелеген. Өзінің екі қызы бар. Таяу арада зейнетке шығады екен, бос уақытымды енді түгел отбасыма арнаймын дейді.

 

Мәдина Қаби