Мәдениет

ҚР мәдениет қайраткері Рауза Қашенова 65 жасқа толды

Бүгін Е.Серкебаев атындағы өнер колледжі-өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернаты үшін маңызды күн. Білім ұясының директоры Рауза Қашенова 65 жасқа толып отыр. Осыған орай облыстық филармонияда концерттік шара ұйымдастырылды.

Рауза Қашенова да сахнадан көрінді. Ол оркестрдің сүйемелдеуімен “Сырласу вальсі” әнін шырқады.

РАУЗА ҚАШЕНОВА, Е.Серкебаев атындағы өнер колледжі-өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінің директоры:

– Бүгін менің ғана мерекем емес. Бүкіл білім ордасы үшін маңызды шара дегім келеді. Қазір сахнаға 6 жастағы бала да, оқытушылар да шығады. Оларға қарап тамсанамын. Еңбегімнің ақталғанына ризамын. Құттықтап жатқан барлық жандарға алғысымды білдіремін.

Залдың іші лық толы. Өнерсүйер қауым әр өнерпазға қошеметті аямады. Сахнаға шыққандардың дені – Рауза Әбутәліпқызының алдынан өткен шәкірттері.

МҰРАТ ИБРАЕВ, Е.Серкебаев атындағы өнер колледжі-өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінің оқытушысы:

– Қазіргі таңда вокал бөлімшесінде оқытушы болып жұмыс істеймін. Рауза Әбутәліпқызы маған көп нәрсе үйретті. Вокалдық музыканың барлық қыр-сырын түсіндірді.

Білікті оқытушылардан тәлім алатын жастар биіктен көрініп жүр. Әлі алар асулар баршылық. Қоса кетейік, бүгінде Е.Серкебаев атындағы өнер колледжі-өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатында 400-ге жуық бала мен студент оқиды.

 

Мәдина Қаби