НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– Шаңғымен жүгіру спорты 1767 жылы Норвегия елінде пайда болған. Олимпиада ойындарының бағдарламасына 1924 жылы енген. Ал еліміздегі алғашқы ресми жарыс 1921 жылы ұйымдастырылған. Сол уақыттан бастап аталған спорт түрі Қазақстанда қарқынды дамып келеді.
Қысқы спорт түрлері өңірімізде де қарқынды дамыған. Әлемдік және республикалық додаларда топ жарған теріскейліктер аз емес. Соның бірі – Азия ойындарының жеңімпазы Самат Мусин. Бүгін Айыртау ауданындағы Лобаново ауылында “ Мусин-Иванов шаңғы жолы” атты шаңғымен жаппай жүгіру өтті. Шараның басты мақсаты – аталған спорт түрлерін жандандыру және еліміздегі қысқы туризмді дамыту. Жарыстың аталған елді мекенде өтуі тегіннен тегін емес. Себебі, атақты азамат – теріскейдің тумасы.
АСЫЛБЕК ҚОЖАХМЕТОВ, «Зейнеп» жоғары көпсалалы колледжінің құрылтайшысы:
– Самат Мусин Лобаново ауылында туып-өскен, жергілікті орта мектепте білім алған. Жергілікті «Зейнеп» жоғары көпсалалы колледжін бітірген. Ол шаңғы спортында зор жетістіктерге жетіп, жоғары марапаттарға ие болған. Николай Иванов болса – Ақмола облысының тумасы. Оның жеткен жетістіктерінің өзі бір төбе. Атақты спортшы 1994-98 жылдары өткен Олимпиада ойындарына қатысқан. Бүгінгі жарысқа 10 жастан 75 жасқа дейінгі шаңғышылар қатыса алады. Жарыс қашықтығы 2 шақырымды құрайды. Бұл шара былтырғы жылы тұңғыш рет Ақмола облысында өткен болатын. Ал бүгін біз эстафетаны қостанайлықтарға табыстаймыз.
Күннің суықтығына қарамастан шараға қатысам деуші жандардың қарасы қалың. Ішінде кәсіпқой спортшылар да, аяқтарына шаңғыны алғаш рет кигендер де бар. Жаппай жүгіруде облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов та бой көрсетті. Ол қатысушыларға сәттілік тілеп, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, облыс әкімінің орынбасары:
– Мемлекет басшысы мен облыс әкімі өңірімізде спорттың дамуына зор қолдау көрсетуде. Соңғы жылдары облыста бірнеше спорт кешені ашылды. Сіздердің спортпен айналысуларыңызға бар жағдайды жасаймыз. Жалпы, СҚО-да қысқы спорт түрлерімен 13 мыңға жуық адам айналысады.
Міне, көптен күткен жарыс та басталды. Бәріне белгілі болғандай, кәсіпқой спортшылар бірден алға шықты. Әуесқойлар да қалысар емес. Араларында сүрінгендер де аз болмады. Бірақ, олар қайта тұрып, берілген қашықтықты еңсеру үшін барын салды. Бұл шара тұрғындардың көңілінен шыққаны көрініп тұр. Оны күлімсіреп тұрған жүздерінен байқауға болады.
“Шаңғы тебу – иммунитетті нығайтып, бұлшық ет жұмысын жақсартады”,- дейді Марат Мұқашев. Азамат шараға Тайынша ауданынан келген. Жасы 60-қа таяса да ағамыз спортқа деген сүйіспеншіліктің арқасында осы сияқты шаралардан қалмайды екен. “Әлі де жастарды шаң қаптыратын шамам бар”,- дейді Марат Еслямұлы.
АЗАМАТ МҰҚАШЕВ, шараға қатысушы, Тайынша ауданы:
– Шараға қатысқаныма қуаныштымын. Өзімді өте жақсы сезініп тұрмын. 1986 жылдан бері шаңғы спортымен айналысамын. Спорт шеберлігіне үміткермін.
Осы сияқты шаралар алдағы уақытта көптеп өткізіледі. Соның арқасында теріскейлік жастардың арасынан Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов, әлем чемпионатында бірнеше мәрте жүлдегер атанған Алексей Полторанин сынды атақты спортшылар шығатынына сенім мол. Айта кету керек, облысымызда спортпен тұрақты түрде 225 мың адам айналысады екен.
Нұрасыл Ахмет