МТРА жаңалықтары

Ауылдағы фанер зауыты жаңа жылда өндірістің жаңа түрін қолға алмақ

Осыдан бірнеше жыл бұрын Аққайың ауданындағы Тоқшын ауылында фанер зауыты ашылды. Оның негізін қомақты қаржы құйған астаналық кәсіпкер қалады. Бүгінде кәсіпорында жұмысшы саны артқан, шығарылатын өнім көлемі де ауыз толтырып айтарлықтай ұлғайған. Мұндағы мамандар дайын тауарға дейін біраз тер төгеді. Әр кезеңнің өзіндік жауапкершілігі бар.

НҰРДОС ЕРЖІГІТ, серіктестік директоры, Аққайың ауданы:

– Фанерге дейін ағаш 15 кезеңнен өтеді. Алдымен қабығы аршылады, сосын ыстық суға саламыз. 12-24 сағат суда болады.

Зауыттағы жабдықтың барлығы қуатты. Олардың бірі әдетте балта батпайтын қайыңды шыр көбелек айналдырады. Ал екіншісі дәптердің қалыңдығындай қылып жұқартады. Дегенмен, адамсыз іс бітпейді. Өндіріс орнында мамандар топтасып еңбек етеді. Кейбірі кәсіпорын ашылған күннен жұмыс істеп жүр.

АЛЕКСЕЙ ШИПОТА, серіктестік жұмысшысы, Аққайың ауданы:

– Бұл жерде 2017 жылдан бастап жұмыс істеймін. Басында зауыт құрылысына қатыстым, кейін фанер өндіруге кірістім. Таңғы 8-ден тер төгеміз. Жылдың 4 мезгілін де қамтитын қызметім өзіме ұнайды. Жалақысы да жақсы. Әріптестерімнің кейбірі кешкі ауысымға да түседі. Өзім осы Тоқшын ауылында тұрамын, біраз жыл бұрын қаладан көшіп келдім.

Аядай ғана ауылда өндірілген фанер шекара асады. Көрші елдерге емес, сонау батыстағы мемлекеттерге бағыт алады. Сатып алушылар Тоқшында болыпты. Сонда өнімнің табиғи таза, сапалы екендігіне көз жеткізіп, әріптестік құжатына қол қойған.

НҰРДОС ЕРЖІГІТ, серіктестік директоры, Аққайың ауданы:

– Біздің өндірісте 30 адам жұмыс істейді. Олардың 90 пайызы – осы ауылдың тұрғындары. Фанеріміз 2022 жылдан бастап Еуропаға экспортталады. Дания, Германия, Эстония, Италия сынды елдер сатып алады.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Зауыттан шығатын фанердің қалындығы әртүрлі. Мысалы, мына фанердің қалындығы – 1 см 18 мм. Одан арғысы – 6 мм. Өте ыстық күйде, жаңа ғана станоктан шықты. Біздің экологиялық тұрғыда таза өнімді еуропалықтар жоғары бағалайды. Батыс елдері бұл тауар арқылы қаптама жасайды екен.

Фанер өндірісімен ауылда да айналысуға болатынын дәлелдеген серіктестік келер жылы тағы бір зауыт салуды көздеп отыр. Онда қалдықтар кәдеге жаратылады. Одан қызуы қара отыннан кем түспейтін пеллет пен ағаш көмірі өндірілмек. Бұл ретте кәсіпкер мемлекет көмегіне жүгінбек.

НҰРДОС ЕРЖІГІТ, серіктестік директоры, Аққайың ауданы:

– Келер жылы тағы 20 адамды жұмысқа алғымыз келеді. Ауылда жұмыс істеу керек. Ауылдарда жұмыс істейтін адамдар жетерлік.

Қайың пеллетіне Еуропа елдерінде сұраныс жоғары. Жыл артқан сайын Қазақстанда да сатып алушылардың саны ұлғайып жатыр екен. Айта кету қажет, Тоқшындағы зауыт жергілікті шикізатты пайдаланады. Ал ағаш егу бойынша шикізат жеткізушілермен келісімге келген.

 

Байболат Құлтанов