СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО көпбейінді балалар ауруханасында амбулаториялық оңалту орталығы ашылды

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында 2300-ге жуық баланың нейро-ортопедиялық ауытқуы бар. Мәселені біржақты ету мақсатында облыстық көпбейінді балалар ауруханасының базасында амбулаториялық оңалту орталығы ашылды. Ол «Қазақстан халқына» және «Қамқорлық» қорлары мен «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен іске қосылды. Жыл сайын орталықта 1 айдан 18 жасқа дейінгі 1 900 ұл-қыз оңалтудан өтеді деп жоспарлануда.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінгі таңда облыста тізімдегі балаларымыздың даму ерекшеліктеріне жергілікті атқарушы органдар тиісті назар аударуда. Облыстың 5 медициналық мекемесінде оңалту, амбулаториялық оңалту жұмыстары жүргізілуде. Оңалтуды жүргізу 56-57% қамтиды. Дәл осы орталықтың ашылуы қуантарлық жайт деп ойлаймын. Бұл оңалту орталығы тірек-қимыл жүйесі бұзылған балалар үшін педагогикалық, әлеуметтік, психологиялық-педагогикалық шаралардың барлығын қамтиды.

Оңалту орталығына 300 млн-нан астам қаражат құйылған. Күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен – 106 млн, аурухана тарапынан 25 млн теңге бөлінген. Ал «Қазақстан Халқына» қоры орталықты сапалы, заманауи және жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 241 млн теңге жұмсады.

ЛӘЗЗАТ ШЫҢҒЫСБАЕВА, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқарма төрағасының орынбасары:

– Президентіміз “Оңалту мәселесі бір қадам жақын болу керек” деп айтқан. Біз “19 аудандық орталық” деген бағдарламамызды бекіттік. Оның ішінде СҚО-да бар. Жергілікті әкімдіктің ұсынысымен Тайынша ауданындағы нысанның барлық құжатын реттеп отырмыз. Дайын болған соң сол жерге де тура осындай орталық ашып береміз.

Ерте араласу орталығында алғашқы жетістіктер де бар. Мұны ерекше баланың анасы Александра Игишева айтып отыр. Оның баласы церебральды сал ауруымен ауырады. Орталыққа келгелі бері баланың дамуында өзгерістер орын алыпты.

АЛЕКСАНДРА ИГИШЕВА, қала тұрғыны:

Мұнда баланың өмірін бірсыпыра жеңілдететін көптеген жабдық бар. Яғни, оған қайтадан жүруге, басқа балалармен қарым-қатынас жасауға көмектесетін тренажерлар қойылған. Мысалы, балада спастика болса, құрылғылар өзін жайлы сезінуге көмектеседі, балаға демалуға мүмкіндік береді. Біз үлкен нәтиже көріп отырмыз. Кез-келген кішкентай жетістік – біз үшін үлкен жеңіс. Мұнда біз басты ұстауды, жүруді үйрендік. Балама бәрі ұнайды, ол өте риза.

Ем-дом шаралары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен тегін жүргізіледі. Орталық бір ауысымда 125 баланы қабылдауға қауқарлы. Медициналық көрсеткіштер бойынша балалар жылына бірнеше оңалту курстарынан өтеді. Орталықта келушілерге медициналық-әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіледі.

НҰРЛАН АЙМАНОВ, СҚО көпбейінді балалар ауруханасының директоры:

– Бұл бөлімше қор әзірлеген эскиздік жоба бойынша ашылды. Әрине, біздің бөлім 1986 жылдан бастап жұмыс істейді, ал 1998 жылдан бастап абилитациямен айналысамыз, бірақ көмек көрсету орнының аумағы кішкентай болды. Жаңа орталықта сумен емдеу бар. Шунгит бөлмесі, тұз бөлмесі, әртүрлі механотерапия аппараттары, биологиялық кері байланыс аппараттары, жаттығу залдары, яғни халықаралық деңгейдегі оңалтуға сәйкес келетін жабдықтар жеткізілді. Біз жылына екі мыңға жуық баланы оңалтамыз, сонымен қатар бір жасқа дейінгі дені сау балаларға дамуға, тез бейімделуге көмектесеміз, атап айтқанда жүру, басу, бұрылуды үйретеміз.

Айта кету керек, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен елдің 6 өңірінде осындай оңалту орталықтары ашылады. Бүгінгі күні оның 5-шісі Солтүстік Қазақстан облысында іске қосылды.

 

Данаш Хамза