МТРА жаңалықтары

Есіл ауданында сабын өндіретін кәсіпорын іске қосылды

Хоббиді кәсіпке айналдырған жандар. Явленка ауылында сабын шығаратын шағын кәсіпорын іске қосылды. Бұл кәсіп – қос әріптес мұғалімнің ортақ бизнесі. Өндіріс орнының салтанатты ашылуына Есіл ауданының әкімі Мереке Мұхамедияров қатысты.

Ақнұр Ерғалиева бастауыш сынып мұғалімі болса, Гүлістан Жарасбаева – қазақ тілі пәні мұғалімі. Олар жұмыс уақытынан тыс кезде сабын жасаумен айналысыпты. Әуелде үйлерінде құйып, пішіндесе, станок алғаннан кейін кеңдеу жер қажет болған екен. Сол себеппен жергілікті әкімдікке қолдау сұрап жүгінген.

АҚНҰР ЕРҒАЛИЕВА, кәсіпкер, Есіл ауданы:

– Кейін әкімшілік осы шағын орталықты бізге берді. Бірінші балаларға арналған кішкентай кірсабын жасап бастадық. Алдымен бұны езіп аламыз, кейін станок арқылы ұсақтаймыз. Қысу арқылы сабынды өндіреміз. Сұраныс өте жақсы. Барлық жерлерден алып жатады.

Өнімдеріне сұраныс жоғары. Тіпті, сатып алушылар бір келгенде 100 данасын алып кетеді екен. Тауарды “Есіл” деп атап, ауданның атын брендке айналдырған кәсіпкерлер осы күнге дейін 5 мың дана сабын шығарған. Бағасы да қолжетімді, 250 грамдық өнім 250 теңге тұрады.

МӘДИНА ҚАБИ, тілші:

– Бұл сабындардың құрамына тоқталсақ, 80 пайызы қойдың және қара малдың майынан тұрады. Табиғи өнім десек те болады. Сонысымен денсаулыққа пайдалы. Оған қоса, теріні жұмсартады. Қыз-келіншектерге нағыз қажет өнім.

Сабынның сапалы екенінде шүбә жоқ. Себебі, кәсіпкерлер арнайы оқыту курсына барған, сабындары да тиісті сараптамадан өткен.

ГҮЛІСТАН ЖАРАСБАЕВА, кәсіпкер, Есіл ауданы:

– Істі бастамас бұрын біз құжаттарды дайындадық. Сабынды істеп, Астана қаласына экспертизаға жібердік. Ол қағазды бір жарым ай күттік. Кейін қолданысқа жарамды деген сертификат берді. Бұл өнімнің құрамында 5 өнім бар.

Қос кәсіпкер алдағы уақытта шағын бизнестерін ірілендіру мақсатында мемлекеттен грант алмақшы. Сосын сұйық сабын мен иіссабын өндіруге кіріседі.

 

Мәдина Қаби