1986 жылдың 16 желтоқсанында Қазақ ССР компартиясы орталық комитетінің пленумы өтті. Жиын небәрі 18 минутқа созылды. Республиканы 25 жыл бойы басқарған Дінмұхамед Қонаев отставкаға жіберіліп, орнына қазаққа бейтаныс Геннадий Колбин тағайындалады. Осы күнге дейін қаншама езгіге шыдаған халқымыз бұл оқиғаға бейжай қарай алмады. Қазақты қазақ басқарсын деген ұранмен көтеріліске шықты. Жасыратыны жоқ, Желтоқсан көтерілісі кезінде талай жас мерт болды. Ербол Сыпатаев, Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асановаларды білмейтін қазақ жоқ шығар. Бүгін желтоқсан құрбандарын еске алу мақсатында Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында іс-шара өтті. Шарада сөз сөйлеген жандар жеткіншектерді Отанды құрметтеуге, тәуелсіздікті бағалай білуге, ұлтжанды болуға шақырды.
ДИНАРА ҚАРАТАЕВА, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының бөлім басшысы:
– Желтоқсан оқиғасы – ел тарихында орын алған қайғылы оқиғалардың бірі. Мен өзім көзбен көрмесем де ата-апаларымнан естігенмін. Үкімет жастарды басуға тырысқан. Солдаттарды әкелген. Ұрған, соққан. Бірақ, сонда да қазақтың қайсар ұл-қыздары “Қазақ, қазақ” деп ұрандатып артқа шегінбеген. Тәуелсіздігімізді бабалардың қанымен, аналардың жасымен келген деп айта аламын. Сондықтан, жастарымыз “Желтоқсан оқиғасы” жайында білуі тиіс. Бүгінгідей жиындар 16-17 желтоқсанда ғана емес, әрдайым өтіп тұруы тиіс.
Шараға қала мен аудан мектептерінен келген оқушылар қатысты. Олар көпшілікке Желтоқсан көтерілісі бейнеленген қойылымдар ұсынды.
ДИАНА ӘУЖАН, Е.Серкебаев атындағы өнер колледжінің 2-ші курс студенті:
– Қойылымға 3 апта дайындалдық. Шынымды айтсам, осы іс-шараға дайындық барысында тәуелсіздік жайында көп дүние білдім. Кітапханадан кітап алып, “Желтоқсан оқиғасы” жайында оқыдым. Көзіме жас келді. Біз жастар егемендігімізді алып берген ата-апаларымызға бас июіміз қажет. Еліміздің дамуына, көркеюіне зор ықпалымызды тигізуіміз керек. Бұл – біздің міндетіміз.
Жиынға барлығы – 60-қа жуық адам қатысты. Жастар шараның арқасында егемендіміздің қандай қиын жолмен келгенін түсінгені анық.
Нұрасыл Ахмет