Есіл ауданының орталығы Явленка ауылында 3 отбасыға үш бөлмелі жаңа үйдің кілті табысталды. Су жана баспаналарға жалғызбасты, асыраушысынан айырылған
отбасылар ие болды. Жұртшылықтың көптен күткен қуанышына ортақтасып келген аудан әкімі Мереке Мұхамедияров жүрекжарды тілегін жеткізді.
МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Есіл ауданының әкімі:
– Құрметті қоныс иелері, бүгінгі меркелеріңізбен сіздерді құттықтаймын.
Жаңа баспана кілтіне ие болғандардың бірі – Айгүл Сайпенова. Нәзікжанды пәтер кезегінде асыраушысынын айырылғандардың тізімінде тұрған. Ұлымен 3 бөлмелі үйді 9 жыл күткен. Қоныс иесі Жаңа жылды баласымен және 80-дегі анасымен бірге жаңа үйде қарсы алады.
АЙГҮЛ САЙПЕНОВА, Явленка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:
– Біз үшін Жаңа жыл алдында тосын сый болды. Осы күнге дейін айына 10 мың төлеп үш бөлмелі жер үйде тұрып келдік. Енді өзімнің жеке баспанам бар, тек коммуналдық төлемге ғана ақша төлейміз. Пеш жақпаймын, сонысы жақсы екен. Өзім аспаз болып жұмыс істеймін. Ұлым қалада университетте оқиды.
Зәуреш Құсайынова – жалғызбасты ана. Оған да бүгін 3 бөлмелі үйдің кілті табыс етілді. Нәзікжандының қуанышында шек жоқ.
ЗӘУРЕШ ҚҰСАЙЫНОВА, Явленка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:
– Бүгін жаңа үйдің кілтін алып, қуанып тұрмын. Балама да, маған да үлкен сыйлық болды. Осы орайда Президентімізге, облыс, аудан әкіміне рахметімді айтамын. 6 жыл үй кезегінде тұрған едім.
Жалпы, Есіл ауданында биыл әлеуметтік осал топтар үшін 20 үй салынған. Бүгін соның соңғы 3-еуіне үйдің кілті табысталды. Барлығын жергілікті және астаналық мердігерлер тұрғызған.
МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Есіл ауданының әкімі:
– Салынған үйлердің көбі Қарағаш, Өрнек, Тораңғұл ауылдарында. Қалған 8-і осы Явленкада. Әлеуметтік осал топтар үшін жаңа үйлер салу – азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыс. Маңызды істердің барлығы Президенттің қолдауының арқасында іске асып отыр.
Порядиндер жанұясы жаңа үйге 1 ай бұрын кірген. Мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ерлі-зайыпты мемлекет қолдауына ризашылығын білдірді.
ВЛАДИМИР ПОРЯДИН, Явленка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:
– Үй кезегінде 7 жылдай тұрдық. Үйіміз жайлы. Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Ауласы кең. Балаларға жазда ойнауға ыңғайлы.
Еске сала кетейік, Есіл ауданында биыл арнайы санаттағы жандарға арналып 20 жер үй салынса, келесі жылы осындай 30 баспананы қолданысқа беру жоспарланып отыр.
Мәдина Қаби