ТЖД мамандары Жаңа жыл қарсаңыңда алдын алу шараларын күшейткен. Мамандар күн сайын адамдарға жаднама таратуда. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар нысандарда күнделікті өртке қарсы мониторинг жүргізіліп, әсіресе, адамдар көп шоғырланатын орындар басты назарға алынған. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, желтоқсанның 25-і мен қаңтардың 7-сі аралығында өрт оқиғаларының саны күрт артатын көрінеді. Сол мақсатта төтеншеліктер мен тәртіп сақшылары кәсіпкерлермен кездесті.
ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
– Әр әлеуметтік нысанның қызметкерлері іс-шараға келген қонақтарға барлық талаптар жайында түсіндіруі міндетті. Шындығын айтқанда, адамдардың қауіпсіздігі өздерінің қолында. Егер олар түзу жүріп, ереже бұзбаса ешқандай жайсыз жайт орын алмайды. ТЖД биылғы жылы әр қоғамдық орынға бас сұғып, тексердік. Әрине, араларында талапты дұрыс орындамағандар да болды. Оларға айыппұл салдық.
Өңірімізде мыңнан астам әлеуметтік нысан бар. Төтеншеліктердің сөзінше, әрбіреуінде өрт қауіпсіздігі сақталған. Соның арқасында биылғы жылы аталған орындарда жайсыз жайттардың саны былтырғыға қарағанда 20 пайызға азайған. Мамандар Жаңа жыл кезінде де статистиканың өспегенін қалайды.
ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
– 50 адам сыятын орындарда өрт орын алған жағдайда шығу жолдары болуы міндетті. Ал шырша орнату тәртібіне келетін болсам, ағаш төбеге 1 метр жетпей орналасуы тиіс. Әр нысанда дабыл датчигі болуы керек. Біз жыл он екі ай тексеріс жұмыстарын тоқтатпаймыз. Біздің мақсатымыз – қайғылы жайттардың алдын алу.
Жиынға барлығы – 20 кәсіпкер қатысты. Тағы соншасы онлайн байланыс жүйесі арқылы спикерлерді тыңдады.