Қоғам

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Уәлиханов ауданында болды

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Уәлиханов ауданында болды. Ең алғаш ат байланған жер – “Бүркіт” ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Бірлестік басшысы Саян Мүбәрак өзінің және мемлекеттен алған ақшаға сырттан мал әкеліп, тауарлы-сүт фермасы мен ірі қараға арналған бірнеше баз салып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Іскер жан иелігіндегі жерді кеңейту арқылы әрмен қарай алға жылжығысы келеді. Оның бастамасын аймақ басшысы қолдады.

Биыл шекараның шетіндегі, желдің өтіндегі Уәлиханов ауданына қарасты Қулыкөл ауылдық округінде маңызды жоба қолға алынды. Өңіріміз бен Ақмола және Павлодар облысын байланыстыратын жолдың 17 шақырымы жөнделіп жатыр. Тендерді Сыр елінің компаниясы ұтыпты. Ғауез Нұрмұхамбетов іске жауапты қарауды тапсырды.

Уәлиханов ауданындағы Айтуған Омаров қой ұстайды. Ол Шопан ата төлдерін “Ауыл аманаты” бағдарламасы арқылы сатып алыпты. Табанды теріскейліктің шаруашылығымен танысқан өңір жетекшісі оның жұмысына оң бағасын берді.

Тілдесу барысында Айтуған Омаров жер сұрады. Оның өтініші жерде қалмайды. Биыл Уәлиханов ауданында мыңдаған гектар алқап пен жайылым мемлекет меншігіне өткен.

Облыс әкімі бұл ретте Айтуған Омаров сынды іске құштар азаматтарды тізімнің басына шығару керектігін баса айтты. Уәлиханов ауданында талай додада атой салған палуандар туған. Болашақта Қулыкөлден тағы да чемпиондар шығу қажет. Мұнда ондаған бала шеберлік шыңдайтын күрес залы жұмыс істеп тұр. Сапар барысында Ғауез Нұрмұхамбетов нысанның жұмысымен танысты. Елдімекеннің сыртында 6 шақырымды құрайтын бөгет бар. Тасқынға қарсы қорғаныс үйіндісі былтыр қалқан болыпты. Келер жылы да суды бөгеуі тиіс.

Көктемде Қулыкөлдың азаматтары қарап қалмады. Олар да біркісідей тасқынға қарсы тұрды. Арнайы кездесу барысында Ғауез Нұрмұхамбетов тұрғындарға алғысын білдіріп, бұйымтайларын тыңдады.

Қараша халыққа сапалы ауыз су жетеді. Аудан әкімінің пікірін тыңдаған аймақ басшысы жауаптыларға тіршілік көзін жақын арада жеткізу жөнінде тапсырма берді. Уәлихановтық диқандарды да толғандыратын мәселелер бар. Бірнеше проблема шаруалармен кездесу барысында көтерілді. Аймақ басшысы әрбір бұйымтай қаралатынын тілге тиек етті. Ауданған көшіп келіп жатқан отбасылар бар. Шалқаровтар жанұясы Астанадан келген. Бүгінде жерлестеріміз жайлы үймен, жұмыспен қамтылыпты.

Бүгінде аудан орталығында заманауи емхананың құрылысы жалғасып жатыр. Жоспар бойынша бір ауысымда 250 адамды қабылдайтын нысан жылдың соңында ашылады. Қажетті құрал-жабдықтар келген.

Алдағы уақытта Кішкенекөл ауылында жаттығу залы бар бассейн де ашылады. Өңір жетекшісі оның да құрылысымен танысты. Сонымен қатар, аймақ басшысы Уәлиханов ауылшаруашылық колледжі мен қазандықта болды. Сапар соңында Ғауез Нұрмұхамбетов жергілікті тұрғындармен кездесті. Жүздесуде бірнеше адам микрофон алып, базынасын баян етті. Көтерілген мәселенің бірі – қоныс аударушының тиісті ақшаны алмауы.

Мәселе нақтылауды қажет етеді. Аймақ басшысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысына кездесуден соң азаматшамен кездесіп, 1 күннің ішінде өзіне жауап ұсынуды тапсырды. Кездесуден соң Ғауез Нұрмұхамбетов азаматтарды жеке қабылдау өткізді. Жүздесуде инвестор тарту, аудан орталығына көше беру, науқас адамға жәрдемдесу, Кішкенекөл мен Петропавл арасында автобус жүргізу сынды мәселелер көтерілді.

 

Байболат Құлтанов