Қазір интернет-алаяқтық деген ұғымнан ат үркеді. Алайда, әлеуметтік желіде алданып, сан соғып жатқандар жетерлік. Биылғы жылы облысымызда 599 адам қулардың құрығына түскен. Бірақ, бір қуантарлығы, статистика былтырғы жылға қарағанда 20 пайызға азайған. Бұл теріскейлік тәртіп сақшыларының халықпен етене жұмыс істеп, түсіндіру шараларын жиі өткізгендерінің арқасы деп айта аламыз. Олар бір айдың ішінде 10-ға жуық еңбек ұжымымен кездескен. Алдаудың кең тараған схемалары жайында ақпар беріп, қызметкерлердің көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап берді. Айта кету керек, алаяқтар көбінесе тұрғындарға ақша салады. Қаржыны аударған белгісіз адам бірден байланысқа шығып, қателесіп кеткенін айтып, ақшаны қайтаруды сұрайды. Полицейлердің айтуынша, қазіргі уақытта мұндай жағдайлар жиілеп кеткен. Осылайша, алаяқтар адамдарды «дропперлер» ретінде пайдаланады екен. Яғни, өздері істеген қылмысты басқа бір бейкүнә жанның мойнына іле салады. Тәртіп сақшылары солтүстікқазақтандықтарды барынша абай болуға шақырады.
Нұрасыл Ахмет