СҚО әкімдігі

Ақжар ауданындағы оң өзгерістер мен мәселелер

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың жұмыс сапары Ақжар ауданында жалғасын тапты. Мұндағы кәсіпкерлік саласы алға жылжу үстінде. Бүгінде Талшық ауылында меймандарға бірнеше қызмет түрін ұсынатын заманауи кешен жұмыс істейді. Ол жол бойында орналасқан.

МӘНШҮК СЕЙІТОВА, жеке кәсіпкерлік директоры, Ақжар ауданы:

– 7 бөлмеден тұратын қонақүйіміз бар. Ол 20 адамға шақталған. Дәмхана, сауна және моншамыз жұмыс істеп тұр. Адамдар тұрақты түрде келіп тұрады. Олардан тек жағымды пікірлер естиміз. Кешенде 11 адам еңбек етеді. Арасындағы екеуі – Жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері. Жастарды қолдаймыз, тұратын орын мен тамақпен қамтамасыз етеміз.

Қызмет көрсету орнында бұған дейін Жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері жұмыс істепті. Олар аяққа тұрғасын өмір сатысының келесі кезеңіне бағыт алған.

АНДРЕЙ РОССОШАНСКИЙ, Ақжар ауданының тұрғыны:

– Мен бұл жерде 8 жылдан бері жұмыс істеймін. Кешеннің басшылығына өте ризамын. Мұнда от жағамын, нысанды жылытамын және кәуап дайындаймын. Жұмысым өзіме өте ұнайды. Жасалған жағдайға да көңілім толады.

Келесі нысан – дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Облыс әкімі нысанды аралап, жасалған жағдаймен танысып шықты. Биыл Ақжар ауданында жол жөндеу бойынша бірнеше жоба қолға алынды.

ЕРДАН ШОРТЫБАЕВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Жолдардың жөнделгені қуантпай қоймайды. Бұл ретте жолдағы қауіпсіздікті естен шығармау қажет. Қыста солтүстіктің аязы мен ызғарлы желі сүйектен өтетіні белгілі. Адамдардың діттеген жерге жетуі немесе оларға дер кезінде көмектің берілуі – қазіргі басты мәселенің бірі.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Былтырғы қыс естеріңізде ме? Қыстың басында минус 43 градусқа дейін суық болды. Аяздың салдарынан Ақмола облысында пойыз тоқтады. Адамдарды жолда қалдырмауларыңыз керек. Осы жұмысты пысықтаңыздар, жатын орындарын әзірлеген маңызды.

Ақжарлықтар малдың санын арттыру, ірі қараны асылдандыру бағытында жемісті жұмыс істеуде. Сапар барысында аймақ басшысы “Ерсалды” шаруашылығында болып, Зеңгі баба төлдерінің жағдайымен және аудандағы жем-азық қорының дайындалу қорытындысымен танысты.

Аудандағы Восходское ауылында наубайхана мен шағын маркет жұмыс істеп тұр. Нанның сапасы жақсы, бағасы да қалта қақпайды. Елдімекенде заманауи медициналық пункт ашылды. “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында бой көтерген нысанға заманауи қондырғылар сатып алынған.

Қуантатын жайт, былтыр Восходское ауылында мәдениет үйі жөндеу көрді. Ал Горковское ауылында 10 үй тұрғызылды. Оларды өздерінің жұмысшылары үшін жергілікті серіктестік салды. Баспаналарға бас сұққан соң Ғауез Нұрмұхамбетов күрделі жөндеуден өткен мектепке барды.

Мектеп оқушылары спортқа жақын. Жеңіп алған жүлделерінде есеп жоқ. Жастар одан әрі шыңдалу үшін облыс әкімі балаларға доп толы себет сыйға тартты.

Танысу жұмысы аяқталғасын облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Ақжар ауданының тұрғындарымен кездесті. Жүздесуде бірнеше мәселе көтерілді. Талқыланған проблеманың бірі – жергілікті халықтың шекараның ар жағындағы туыстарына қиындықпен қатынауы.

Ғауез Нұрмұхамбетов Ақжар ауданының басшысына мәселеге үңіліп, шешу жолдарын ұсынуды тапсырды. Горьковское ауылындағы жиыннан соң аймақ басшысы тұрғындарды жеке қабылдау өткізді. Кездесуде көтерілген барлық мәселе қарастырылады.

 

Байболат Құлтанов