Ата-бабамыз армандап өткен азаттықты жастарға барынша дәріптеу қажет. Бұл туралы “Қазақстан – бейбітшілік аймағы” тақырыбында өткен дөңгелек үстел жиынында айтылды. Отырыста еліміздің 33 жылда жеткен жетістіктерімен қатар, тәуелсіздік жолында құрбан болған азаматтар жайында баяндалды. Жастарға айтулы датаның қазақ халқы үшін қаншалықты маңызды екені түсіндірілді.
АЛЕКСАНДР ЗЕЛЬ, “AMANAT” партиясы “Болашақ” филиалының атқарушы хатшысы:
– Әр адам өз елінің тарихын білуі тиіс. Келер ұрпаққа сол қалпында жеткізулері керек. Бүгінгі жиында тек тәуелсіздік жылдары ғана айтылмайды. 15-ші ғасырдан бері қазақ халқы нені бастан өткергені жайында айтамыз. Бұл басқосудың жастар үшін маңызы зор.
Еліміз 33 жылдың ішінде өз тәуелсіздігін орнықтырып қана қоймай, одан әрі нығайтып, әлем таныған мемлекетке айналды. Қазақстан қалыптастыру мен дамудың күрделі жолынан өтті. Қаншама қиындықты бастан өткерді. Айта кету керек, елімізде 120-дан астам ұлт өкілі тұрады. Олардың қайсысы болмасын өздерін қазақстандықпыз деп санайды. Жиында сөз сөйлеген спикерлер жастарға оңай жолмен келмеген егемендіктің қадірін түсіну керектігін жеткізді.
АСАНӘЛІ ЖАНАТҰЛЫ, “Жастар рухы” ЖҚ СҚОФ мүшесі:
– Тәуелсіздік – тарихи құндылық. Егемендік ата-бабаларымыздың қанымен, аналарымыздың көз жасымен келген.
Жиынға 30-ға жуық студент қатысты. Олар тәуелсіздік жайында біраз мағлұмат алды. Егемендігіміздің қандай жолмен келгенін түсінді.
Нұрасыл Ахмет