Петропавлда кезекті ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Табиғи таза әрі бағасы арзан азық-түлік сатылған жердің бірі – «Алтын Арман» базары. Тұрғындар сауда орнына таңғы 8-ден ағылуда. Ал тауар өндірушілер сағат 7 кезінде келіп, әкелгендерін сөрелерге қаз-қатар тізген. Қойлыбай Аяқаповтың өнімі көпшіліктің көңілінен шыққанға ұқсайды. Азамат бір сағаттың ішінде әкелген дүниесінің жартысын сатып үлгерген.
ҚОЙЛЫБАЙ АЯҚАПОВ, сатушы, Шал ақын ауданы:
– Сатушы болып жүргеніме 21 жыл болды. Бүгінгі әкелген тауарларымды ауыл тұрғындарынан жинап алдым. Барлығын сатып болғаннан кейін, ақшаларын апарып беремін.
Көкөніс, балдың түр-түрі, жұмыртқа, ет пен сүт өнімдері. Жәрмеңкеден қалағаныңнын барлығын табуға болады. Ең бастысы, бағасы қолжетімді. Мәселен, ірімшіктің келісі – 950, май – 4,5 мың, қаймақтың 1 литрі – 2200, ал еттің бағасы 2 мың мен 2700 теңгенің аралығында болды. Тайыншалықтар да шараға азық-түлікті молынан әкеліпті.
ТАЛҒАТ ЖОМАРТОВ, Тайынша ауданының тұрғыны:
– Облыс орталығына әр сенбі сайын келіп, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысамыз. Біздегі тауарлардың барлығы дүкендегіден 15-20 пайызға арзан.
Сенбі күні шаһардың 3 базарында сауда қызды. Сөмкелерін ауылдың өніміне толтырған тұрғындар дән риза.
– Ярмака ойдағыдай, бәрі жақсы. Азық-түліктің бәрі свежий, бағалары да арзан. Жоспарлағанның бәрі алдым.
– Мен жәрмеңкеге жиі келемін. Шынын айту керек, мұндағы баға дүкенге қарағанда арзан. Бәрі таза, бәрі адал еңбекпен өсірілген. Қазір келісі 4 мың теңгеден май және келісі 2800-ден қаз аламын.
Шараға облысымыздың 6 ауданынан келген еңбеккерлер қатысты. 5 тоннаға жуық өнім сатылды. Айта кету керек, жыл басынан облыс орталығында 133 ауылшаруашылық жәрмеңке өткен.
Нұрасыл Ахмет