Қоғам

Петропавлда әлеуметтік осал санаттағы отбасылар баспаналы болды

Жаңа жылды жаңа баспанада қарсы алады! Петропавлда әлеуметтік осал санаттағы 20 отбасы баспаналы болды.

Вероника Паршукова – қуанышы қойнына сыймай жүрген жанның бірі. Ол 2 баласымен бірге 10 жылдан аса пәтер жалдап тұрды. Енді ешкімнің табалдырығын тоздырмайды. Талай қиындықты еңсерген азаматшаға дәл мереке қарсаңында қос бөлмелі баспана бұйырды.

ВЕРОНИКА ПАРШУКОВА, қала тұрғыны:

– Бұл – біздің отбасылық қуаныш. Мына қос «құлыншағыммен» бармаған жерім жоқ. Үлкені колледжде оқыса, екіншісі мектепте білім алып жүр. Пәтеріміз өзімізге ұнады, бір бөлмесін балаларға беремін. Жиһаздарды қалай қоятынымызды ойластырып қойдық. Осындай қуаныш сыйлаған Президентімізге, облыс әкіміне алғыс білдіремін. Біз өте бақыттымыз!

Енді бұл үйде Гүлмира Мырзабаева да тұрады. Ол да 2 бала тәрбиелеп отыр. Нәзікжанды жалпы аумағы 64 шаршы метрді құрайтын 1 бөлмелі пәтерге кірді. Мұндағы асүйдің үлкендігі соншалық асық ойнауға болады. Азаматша дәл осындай баспананы армандап жүріпті.

ГҮЛМИРА МЫРЗАБАЕВА, қала тұрғыны:

– Пәтерге жаңа жылға дейін кіруді жоспарлап отырмыз. Мерекені осында атап өткіміз келеді. Бүгінгі күн менің есімнен ешқашан шықпайды. Өзім «студия» түріндегі пәтерді армандап жүрген едім. Соған ойламаған жерден қол жеткіздім. Осындай бақыт баршаға жұғысты болсын!

Жақын арада қоныс тойын атап өтетін жерлестерімізбен облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов пен қала әкімі Серік Мұхамедиев қауышты. Алғашқы қонақтар пәтер иелерін құттықтай келген

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Қоса кету қажет, жерлестеріміз Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында пайда болған Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша баспаналы болды. Бұл бастама аясында өңірде әлеуметтік осал санаттағы жандарға 382 тұрғынжай сатып алынады. 169 пәтер Петропавлда орналаспақ, ал 213 пәтер немесе үйге аудандардағы тұрғындар кезек бойынша кіреді.

 

Байболат Құлтанов