Спорт

Нұржан Қалиасқаровты еске алу турнирі

Петропавлда “Желтоқсан” көтерілісінің құрбаны, азаттықтың ақ таңын атыруға білек сыбана үлес қосқан Тимирязев ауданының тумасы Нұржан Қалиасқаровты волейболдан еске алу турнирі өтті. Бұл жарыс жылда ұйымдастырылады. Биыл командалар облыс орталығында 27-ші мәрте күш сынап отыр.

ӨМІР ЕСҚАЛИ, Нұржан Қалиасқаров атындағы “Желтоқсан” қоғамдық қорының төрағасы:

– Нұржан 2 күн бойы алаңда болған, қамалған, таяқ жеген, оқудан қуылған. Артынан жарақаты асқынып, көз жұмды. Бауырымызды еске алып жатырмыз. Басында 4 команда қатысса, бүгінде 24 командаға жетіп отыр.

Петропавлдағы ұйымдар және аудандық ұжымдар. Биылғы турнир аса тартысты өтті. Биік секірген, допты ырқына көндірген шебер волейболшылар жарыстың сәнін де келтірді. Қатысушы команданың бірі – “Айымжан”. 9 адам аядай ғана ауылдың намысын қорғап, атын шығару үшін тізімге қосылыпты.

РАХАТ ҒАНИЕВ, турнирге қатысушы, Жамбыл ауданы:

– Біз жарысқа біраз дайындалдық. Жаңа бір командамен ойнап, жеңіске жеттік. Басқаларын да жеңеміз деп ойлаймыз.

Өр рухты қазақ жастарының ерлігі ұмытылмайды. Баннер ұстап, ұрандатқан олар мұздай қаруланған әскерге қарсы тұрды. Қыз-жігіттер шаштан сүйрелді, қаһарлы қыста судың астында қалды, тепкі көрді. Алайда, Тәуелсіздік үшін шегінбеді. Қоғамдық қордың төрағасы Өмір Есқалидің сөзінше, ызғарлы 86-да Қазақстанда Нұржан Қалиасқаров сынды 20 мыңдай адам ұсталған, 100-ден астамы қаза тапқан, тағы соншасы себепсіз сотталған. Ондаған жерлесіміз еліміздің 15 қаласындағы толқуларға қатысқан. Қуантатыны, келесі жылы батырларға арналған жинақ жарық көрмек.

ӨМІР ЕСҚАЛИ, Нұржан Қалиасқаров атындағы “Желтоқсан” қоғамдық қорының төрағасы:

– Мақсатымыз – барлық боздақтарды еске алу. Олар әміршіл-әкімшіл жүйеге қарсы тұрды. 17 желтоқсан – Демократиялық жаңару күні. Көбі осыны біле бермейді. Біз осыны жастарға ұғындырғымыз келеді.

Турнир жеңімпазы – Полиция департаментіне қарасты жылдам қимылдайтын арнайы жасақ командасы. Жеңімпаз бен жүлдегерлер ақшалай жүлдемен, көшпелі кубок, медаль және дипломдармен марапатталды.

 

Мәдина Қаби