ТЖ

Өңірде газ баллонының жарылуы жиіледі

Өңірде газ баллонының жарылуы жиіледі. Аймақта соңғы 3 күннің ішінде 2 бірдей жағымсыз жайт тіркелді. Оқыс оқиғаның бірі желтоқсанның 10-ы күні Тайынша қаласында болды. Мұнда жалпы ауданы 70 шаршы метрді құрайтын жеке үйдің күлі көкке ұшты.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Жарылыстың салдарынан 1984-ші жылы туған үйдің иесі мен оның 2008-ші жылғы қызы зардап шекті. Олар бірден ауруханаға жатқызылды. Өкінішке қарай, денелері 75 пайызға дейін күйген. Жағдайлары ауыр болып табылады. Тілсіз жау кешкі 6-дан аса ауыздықталып, 19:30-да толығымен сөндірілді.

Ал мамлюттік өрт сөндірушілер бүгінгі таңды дабылмен атырды. Мұнда да тұрмыстық мақсатта пайдаланылатын газ баллоны жарылып, ер және әйел адам жарақат алды. Құтқарушылар дүйім жұртты қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Үйдегі газ баллондарын арнайы станцияларда ғана толтыру қажет. Көліктерге арналған бөлек көгілдір отын бар. Оны құюға үзілді-кесілді тыйым салынады. Сонымен қатар, сырттан кіргізілген баллонды бірден жылы орынға қоюға немесе қыздыруға болмайды. Мұндай сәтте жарылыс орын алады. Интернационал көшесі бойындағы 21-ші үйдің астында орналасқан дәмханада тіркелген жайтты әлі ұмытқан жоқпыз. Тамақтану орнында осыған ұқсайт жайт болып, 3 адам қаза тапқан еді.

Жаңа жыл мерекесінде қауіпсіздік ережелерін ұмытпаңыз!

Балалар асыға күтетін Жаңа жыл мерекесіне де жақындап келеміз. Жылдағы мейрам қарсаңында жер-жерде көңілді ертеңгіліктер мен ұжымдық кештер өтеді. Дәл 31-і күні де думандататындар бар. Соған дайындалып жүргенде қауіпсіздік шараларын естен шығармау қажет.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Мерекелік шаралар өтетін орындарда сыртқа шығуға болатын кем дегенде 2 жол болу керек. Есік ашық тұруы тиіс. Терезелерде темір тор болмауы міндетті. Өрт сөндіргіштерді алдын ала тексеріп алған абзал. Мұның барлығын ұйымдастырушылар 2-3 күн бұрын бақылау қажет. Шыршаға келсек, ол нысан үшінде мықтап қойылғаны жөн. Егер жарқылдауықтарда қандай да бір кемшілік байқалса, бірден сөндіріп, жөндеу керек.

Жақында пиротехникалық заттардың саудасы қызады. Олардың кейбірін нысан ішінде қолдануға болмайды. Департамент бастығының орынбасары Дмитрий Растихин мереке қарсаңында тағы журналистермен жолығып, негізгі ережелерді баян етпекші. Ол кездесуге заңсыз бизнеспен күресетін полицейлер де шақырылады.

 

Байболат Құлтанов