Булаев қаласында 3 отбасыға жаңа үйдің кілті табысталды. Алдағы Тәуелсіздік күніне орай берілген жалдамалы баспаналар көпбалалы және жалғызбасты отбасыларға тиесілі.
АЗАМАТ ШӘРІПОВ, М.Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары:
– Аудан әкімі Рахат Смағұлов атынан үй иелерін шын жүректен құттықтаймын.
Жаңа баспанаға ие болғандардың бірі – Кристина Штелле. Көпбалалы ана үйді 3 жыл күткен. Оған дейін қыруар ақшаға бір бөлмелі пәтер жалдап тұрған. 4 балалы жанұяға 3 бөлмелі баспана бұйырды. Жаңа жылды енді осы кең үйде қарсы алмақ.
КРИСТИНА ШТЕЛЛЕ, Булаев қаласының тұрғыны, М. Жұмабаев ауданы:
– Әлі жаңа жиһаз алған жоқпыз, осыған дейін пайдаланып жүрген дүниелерді әкелдік. Үлкен қызым 8-де, кенжем 1 жарым жаста. Балаларымның енді жеке бөлмелері болады. Олар да, өзіміз де өте қуаныштымыз. Мен тәтті тоқаш сататын жерде жұмыс істеймін. Күйеуім маусымдық жұмыспен қамтылған, егін егу және ору науқанына қатысады. Қыстыгүні жұмыссыз.
Жаңа жер үйдің кілтін қолына алғандардың тағы біреуі – Екатерина Толмачева. Ол да көпбалалы аналардың қатарынан.
Үйдің іші кең, барлық жағдай жасалған. Су тартылған, пеш жағатын бөлек орын орналасқан.
ЕКАТЕРИНА ТОЛМАЧЕВА, Булаев қаласының тұрғыны, М. Жұмабаев ауданы:
– Ертең – менің туған күнім. Бұл күтпеген сыйлық болды, тіпті, не айтарымды да білмеймін. Қобалжып тұрмын. Балаларымның ең үлкені 15-те, кенжем 4-те. Үлкенім ғана мектепке барады, қалғандары үйде. Үй кезегінде тұрғаныма 2 жылдай болып қалды. Кейінгі уақытта нешінші болып тұрғанымды сұрастырған да жоқпын. Үйге лектіңіз деп хабарласқанда қуанышым қойныма сыймады.
Диана Қасенова – жалғызбасты ана. 3 баламен бұрынғы күйеуі уақытша ұсынған үйде тұрған. Нәзікжандыға таяу арада үкіметтен берілген үш бөлмелі баспанаға көшіп келеді.
ДИАНА ҚАСЕНОВА, Булаев қаласының тұрғыны, М. Жұмабаев ауданы:
– Үш баламның ересек екеуі мектепке барады. Кенжем әлі 2-де болғандықтан, әзірге, декреттік демалыста отырмын. Жаңа пәтердің кілтін алдым. Таяу арада көшіп келемін. Әлі біраз жиһаз аламын. Мектеп те жақын орналасқан.
М.Жұмабаев ауданында таяу арада тағы бірнеше үйді қолданысқа тапсыру жоспарланып отыр. Оның ішінде жер үйлер де, көппәтерлі баспаналар да бар.
АЗАМАТ ШӘРІПОВ, М.Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары:
– 2024 жылда біздің ауданда кезекте тұрған азаматтарға 12 үй салынды. Бүгін 3-еуіне кілттер табыстадық. Жыл соңына дейін қалғандарына беріледі. Одан бөлек жыл соңына дейін 45 пәтерлі үйді тапсырамыз.
Қолданысқа берілген мына жалдамалы баспаналар үшін қоныстанушылар айына небәрі 23 мың теңге төлейді. Бұл үйлерді жергілікті мердігер салған. Сапасына қатысты күмән жоқ дейді әкімдік өкілдері. Кепілдік мерзімі 3 жылды құрайды.
Мәдина Қаби