Мәдениет

“Әлқисса” фольклорлық ансамблінің 15 жылдығына арналған кеш

Әуезді ән мен күмбірлеген күй. “Әлқисса” фольклорлық ансамблінің құрылғанына 15 жыл толды. Айтулы шараға орай облыс орталығында мерейтойлық кеш өтті. Концертте өнерсүйер қауым жүректі тебірентер туындыларды тыңдап, серпіліп қалды.

РУСЛАН АСЫЛХАН, “Әлқисса” фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі:

– Концерт қызықты өтеді деп ойлаймын. Бізді мерейтоймен құттықтауға Астана мен Көкшетау қаласынан өнерпаздар келді.

Домбыра, қобыз бен жетіген сынды ұлттық аспаптардың үні құлақтың құрышын қандырады. Ұжым халық әндері мен күйлерімізді нақышына келтіріп орындап, әлемдік сахналарда талай мәрте өнер көрсеткен. Яғни, ансамбльдің аты тек теріскейде емес, Қазақстан мен көршілес елдерде белгілі.

БІРЖАН ЕСЖАНОВ, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі:

– Ансамбль талай халықаралық байқаулардың лауреаты атанған. Ұжымда 12 өнерпаз бар. Облыстық филармония үшін ансамбльдің орны бөлек.

Ұжымды облыстық филармонияға қарасты өзге топтардың өкілдері құттықтай келді. Жалпы, 15 жылдыққа арналған кеште 20-ға жуық әсем ән шырқалып, күмбірлеген күй шертілді.

 

Нұрасыл Ахмет