Қоғам

Қызылжар ауданында қоныстанушылар үшін салынған үйлердің пештері тексеріледі

Өңірде аудан әкімдерінің журналистер алдындағы есептік кездесуі аяқталды. Маңызды науқанды Қызылжар ауданының басшысы Сақтаған Сәдуақасов қорытындылады. Әдеттегідей атқамінер әр салаға тоқталды, тасқын кезіндегі және табиғи апаттан кейінгі жағдайды баян етті. Жоспармен де бөлісті. Соколовка ауылында ауыз су тапшылығы туындайтыны мәлім. Әсіресе жаз мезгілінде тұрғындар тіршілік көзін таппай, мәселе көтеріп жатады. Қазір бұл проблеманы шешу жайы жан-жақты қаралып жатыр екен.

САҚТАҒАН СӘДУАҚАСОВ, Қызылжар ауданының әкімі:

– Ауданымызда үлкен жоба жүзеге асырылып жатыр. Соколовка ауылы сібір жарасының орны табылды деген желеумен оған кірмеді. Алайда, ауру анықталмады. Қазір тиісті құжаттар жасалып жатыр.

Қызылжар ауданындағы үйлер жаппай тексерілуі мүмкін. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік бағдарлама аясында қоныстанушыларға салынған баспаналардағы пештердің жай-күйіне бақылау жүргізілмек. Себебі, Подгорное ауылында бюджеттен бөлінген қаржыға салынған үйде қызыл жалын бас көтерген.

САҚТАҒАН СӘДУАҚАСОВ, Қызылжар ауданының әкімі:

– 2019 жылы көшкен адамдарға 94 үй салынды. Подгорное ауылында 39 үй бар. Біз арнайы ұйыммен келісіп, үйлердің барлығын тексереміз. Егер ақау анықталса, пештерін жөндейміз.

Бәйтеректегі Астана көшесі жөндеуді қажет етеді. Тұрғындар тарапынан арнамызға осындай өтініш түсті. Халық көктем-күзде саз кешіп шаршағандарын жазған.

САҚТАҒАН СӘДУАҚАСОВ, Қызылжар ауданының әкімі:

– Мәселеден хабардармыз. Көшені келесі жылы жөндейміз.

Жұмыс көп, жоспар ауқымды. Брифинг соңында Сақтаған Сәдуақасов келесі жылы Қызылжар ауданында айтарлықтай өзгерістер болатынын айтып, журналистерді сендірді.

 

Байболат Құлтанов