Естімеген елде көп. М.Жұмабаев ауданында жылқы ұрлығы тіркеледі.
Малды белгісіз біреу қорада тұрған жерінен жетектеп әкеткен. Жануардың ер- тоқымы мен жүгені де жоқ, иесінің пимасын да қолтығына қыстыра кеткен. Жедел уәкілдер ізге түседі. Аяғында біреудің пимасы, жетегінде біреудің жылқысы, сөйтіп отырып ұры 30 км жерге ұзап, орманға кірген. Бұл – шамамен «Булаево-Молодогвардейское» бағытындағы жол жағы. Ізбен келген мамандар мен малдың иесі әккі ұрының әрекетіне таңқалады.
ҮМІТБЕК ФАРХАДОВ, М.Жұмабаев ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары:
– Полиция қызметкерлері қалың бұталардың арасында қазылған жерге үстін жауып тұрғызылған, ішіне қолдан жасалған пеш орнатылған жеркепені байқайды. Ауданның 48 жастағы тұрғыны жылқы етін мүшелеп жатқан жерінде ұсталды. Қазіргі уақытта ер адам қамауға алынды. Тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Ұры ерінбей жеркепе жасап алып, сонда жасырынған. Ол бұған дейін пәтер ұрлығы үшін сотталып, 3 жыл 6 айға бас бостандығы шектелген екен. Бірақ, пробациялық бақылауға тұрмай, қашып кеткен. Ер адам кезінде жылқының иесінің қарамағында жұмыс істеген, қора-қопсының қалай орналасқанын жақсы білген.
– Зашёл в сарай, надел уздечку, вывел, оседлал и, не спеша, направился в сторону лесополосы. Вы знали, что он не закрывается? – Да. – Откуда? – Ну, это старый знакомый.
Ұры ұсталды, қамауға алынды. Жылқы еті қайда қалды? Оны полиция қызметкерлері малдың иесіне қайтарып берген. Жалпы, облыста жыл басынан бері 5 мал ұрлығы тіркеліп отыр. Оның 3-еуі ғана ашылған.
Данаш Хамза