Қоғам

Ерекше балалар қолөнер жұмыстарын әзірледі

Талантты және табанды ұл-қыздар! Мына мүмкіндігі шектеулі балалар күнделікті өмірде артық қалған заттарды қоқысқа лақтырмайды. Ішіндегі жарамдысын іріктеп алады, содан кейін одан қолөнер жұмыстарын әзірлейді. Бұл жайт кез келген жанның жүзіне жылулық ұялатады.

Туындылар шыршаның бүршігі, қағаз, сіріңке және бөтелке сынды заттардан жасалыпты. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында арнайы ұйымдастырылған шараға 20 ерекше бала шақырылған екен. Бүгін соның 12-сі өздерінің жұмыстарымен көпшілікті қуантты.

ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

– Ерекше балалар ересек адамдармен бірге жұмыс істейді. Олардың қатарына күміс волонтерлер мен қалалық ардагерлер ұйымының өкілдері де кіреді. Біз бұл акцияны жылда өткізіп тұрамыз. Мақсатымыз – балаларды қолданбалы өнерге баулу ғана емес, сонымен қатар, оларды экологиялық дүниелерден көп дүние жасауға болатынын ұғындыру.

Қос буынды бірлестірген шара барысында балалар Аяз атаның суретін түрлі түсті қарындаштармен бояды, безендірді. Олардың өнерін алдыңғы толқын қарап отырды. Бұдан кейін барлығы маңызды іске кіріспек.

КАРИНА ХАЙРУТДИНОВА, “Солнечный дом” ҚҚ мүшесі:

– Мен мұнда түрлі дүниелер жасауға келдім. Қазір Аяз атаның аузы мен мұрнын бояп жатырмыз.
Кейін ақ қағаздан қар ұлпаларын жасаймыз. Осы шараға өткен жылы да қатысқан едім. Бүгін анаммен келдім.

Балғындарға қуыршақтардан қойылым да қойылды. Олар көрініске дән риза болды. Қоса кетейік, қатысып жатқан балалардың барлығы Петропавл қаласындағы «Солнечный дом» қоғамдық қорына мүшелік етеді.

ТАТЬЯНА ДЕЛЛЬ, “Солнечный дом” ҚҚ құрылтайшысы:

– Біз балаларымыздың қолынан көп дүние келетінін халыққа дәлелдегіміз келеді. Олар үшін бұл үлкен және ерекше шара деуге болады. Оны ұл-қыздарымыз асыға күтті. Біздің қорымыз даун синдромына шалдыққан кішкентай ұл-қыздар мен ересектерге психологиялық тұрғыда көмектеседі. Қордың құрылғанына биыл 9 жыл толып отыр. Оған облыс бойынша 60-қа жуық адам мүшелік етеді.

Шара соңында ұл-қыздарға жаңажылдық тәттілер берілді. Ал олар дайындаған жұмыстарын көшеде кездескен адамдарға сыйлады.