Экология

Аққайыңдық орманшылар жабайы жануарларды азықтандыруда

СҚО-да дала жануарларының саны жыл санап көбейіп келеді. Қысы ұзақ әрі қатты аймақтың табиғат жанашырлары оларды қамқорлыққа алып, қоректендіреді. Арнамыздың түсірілім тобы Аққайың орман шаруашылығына барып, маңызды жұмыстың барысымен танысып қайтты. Мекеме орманшылары сайын даланы кезген аңдар үшін жаз бойы азық дайындайды. Әзірленген қорек қауырт маусымда тұяқтыларға беріледі. Ұйымда жануарларға Сергей Добранский есімді аң шаруашылығы жөніндегі маман күтім жасайды.

Мамандардың айтуынша, сыпырғыштармен көбінесе еліктер қоректенеді екен. Себебі, бұл азық дәруменге толы. Сергей Добранский 2 күн сайын 50 мыңға жуық гектар аумақты аралайды. Ол үшін әр жануардың амандығы аса маңызды.

СЕРГЕЙ ДОБРАНСКИЙ, “Аққайың” орман шаруашылығының аң шаруашылығы жөніндегі маманы:

– Сыпырғыштарды дәруменге толы кезінде жинаймыз. Содан соң шаруашылыққа апарып кептіреміз. Сонда ғана жапырақ жыл он екі ай бойына барлық құнарды сақтайды. Солтүстіктің қысы қатты. Қар қалың түседі. Сол себепті, біз қалың ақ ұлпа түскен күні азық алаңдарын тазалап отырамыз. Бұл өңірде жабайы жануарлардың артуына әсер етуде.

Сайын даланың еркелеріне тұз да беріледі екен. Бұл жануарлардың иммунитетін арттыруға зор ықпалын тигізеді. Айта кету керек, шаруашылықта барлығы 5 мың елік, 90 бұлан, 100 марал және 800 қабан мекен етеді.

СЕРГЕЙ ДОБРАНСКИЙ, “Аққайың” орман шаруашылығының аң шаруашылығы бойынша маманы:

– Шаруашылықта 2016 жылдан бері жұмыс істеймін. Биылғы жылы заңсыз аңшылық жасап жүрген 4 адамды ұстадым. Табиғаттың көркі осы жануарлар ғой. Оларды атуға болмайды. Азық алаңдарын үнемі тексеріп отырамын. Жейтіндері таусылып қалса, бірден мекемеге барып қорек алып келемін.

Айта кету керек, “Аққайың” орман шаруашылығында биылғы жылы мал азығы ретінде 2 мың дана ағаш жапырағы мен 2 тонна тұз дайындалған.