Балалар

Жас спортшылар жеңіспен оралды

Солтүстікқазақстандық балғындар «Тең мүмкіндіктер» республикалық инклюзиялық спорт фестивалінен жеңіспен оралды. Аталған додада өңір намысын 4 команда қорғады. Аққайың ауданындағы Тоқшын мектеп-гимназиясының оқушылары жеңіл атлетикадан 1-ші орын алып, алтын медальға қол жеткізді. Ал қалалық 4-ші және 10-шы мектептерінің оқушылары қола медальды қанжығаларына байлады. Астанада өткен сайыс «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының және өзге де ұйымдардың бастамасымен ұйымдастырылды. Осыған орай жергілікті аманаттықтар мен жақындары жүлдегерлерді теміржол вокзалынан қарсы алып, құттықтады.

ЕЛЕНА СЕМИДОЦКИХ, «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының мүшесі:

– Спорттық іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық бала қатысты, оның 60-тан астамы – ерекше қажеттілігі бар балалар. Өңірдің жас спортшылары «Тең мүмкіндіктер» фестивалінде тек өздерінің табандылығы мен талантын ғана шыңдаған жоқ, сонымен қатар, әр баланың қабілетін ашуда инклюзия мен қолдаудың қаншалықты маңызды екенін дәлелдеді деген ойдамыз.

 

Мәдина Қаби